Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаперге алмаған қатерге ұрынар

Қаперге алмаған қатерге ұрынар

Аудан әкімі Руслан Рүстемов коронавирус індетін алдын алуға байланысты фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба жариялады. 
Құрметті аудан тұрғындары!
Әлемде коронавирус жұқтыру деректері жөнінен алда тұрған мемлекеттердің тәжірибесінен ұққанымыз, бұл індеттің өзі қандай қауіпті болса, оның айналасындағы дүрбелең мен салғырттық та соншалықты қатерлі екенін байқатады.
«Қаперге алмаған қатерге ұрынар» дегендей, елдегі карантин шаралары мен қарапайым гигиена талаптарын сақтамау қауіпті кеселдің күрт өршуіне әкеліп соғуда.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева кеше «Министрлік хабарлайды» айдары бойынша Facebook-тен сөйлеген сөзінде «Науқастардың санының өсіп бара жатқан себебі – әлеуметтік, еңбек қатынастары бойынша, отбасылық байланыстың, қарым-қатынастың артуында жатыр. Өкінішке қарай, алдын алу шараларын сақтамаудың салдарын көріп отырмыз. Адамдар маска тақпайды, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды», - деген болатын.
Аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың күрделеуіне байланысты облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №15 қаулысы қабылданды. Яғни, қаулыға сәйкес балабақшалардың кезекші топтарын қоспағанда, меншік нысанына қарамастан барлық балабақшалардың жұмысы тоқтатылады. Ұжымдық, отбасылық шараларға тыйым салынып, мәдени, спорттық және сауда орындарының жұмыс уақыттарына шектеу қойылды.
Ауданда да қатерлі індеттің алдын алу бағытында мобильді топтар тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандар иелері арасында түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.
Көріп отырғанымыздай, осы індеттің таралуын үдеткен басты фактор бейғамдық, яғни тұрғындардың мемлекет қабылдаған шектеу шаралары мен ескертулеріне құлақ аспауы, халықтың қарапайым санитарлық талаптарды орындамауы болып отыр.
Сондықтан бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет. Сақтанайық. Салғырттық өз денсаулығымызға ғана емес, отбасымызға да қатер төндіретінін ұмытпайық, ағайын!, – делінген жазбада. 
17 маусым 2020 ж. 646 0