Сотқа деген сенім артады
Іс-шараға аудандық прокуратураның прокуроры Е.Есмаханбай, аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Жусупов, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Д.Әлшеров, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Е.Зұлқарнаев, аудандық Билер кеңесінің мүшесі, медиатор К.Мұстафаев, жеке сот орындаушы Ж.Тұңғышбаев, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Е.Беркінбаев «Zoom» бағдарламасымен қашықтан қатысты.
Семинарда аудандық сот төрағасы Руслан Алдамбергенов қатысушылардың назарына 2020 жылдың 10 маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанын атап өтті. Бұл заңның негізгі мақсаты – халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру екеніне тоқталды.
Заң үш бағыттан тұрады. Біріншіден, Азаматтық процестік кодекске сәйкес бірінші сатыдағы судьялар істі қарау барысында кеңесу бөлмесіне шығу қажет болатын. Ол жерде судья кіммен, неге кеңеседі деген сауалдар туындайды. Бұл сұрақтар өз кезегінде сотқа деген сенімсіздікке әкеліп соғады. Жаңа өзгерістерге сәйкес «сот кеңесу бөлмесі» деген ұғым алынып тасталды.
Екіншіден, сот шешімді тек тараптармен көрсетілген талап шеңберінде ғана шығару керек болатын. Әділ шешім шығару үшін судьяға істі жан-жақты тексеруге мүмкіндік беріліп, яғни судьяның істі қарау барысындағы белсенділігі, қажет болған жағдайда дәлелдемелерді өз бастамасымен алдыртуы, дауларды соттан тыс шешуге басымдық берілуі, жекелеген мәселелерді тараптарды шақырмай-ақ қарау, процестік мерзімдерді ұзарту, қалпына келтіру өкілеттіктері беріліп отыр. Енді сот тараптармен істің мән-жайларын талқылап, олардың құқықтық ұстанымдары мен уәждерін нақтылай алады.
Үшіншіден, бүгінгі таңда дауды сотсыз шешуге көп көңіл бөлінуде. Осылайша, талап арызды қабылдау сатысында медиацияны қолдану қолға алынды. Көп жағдайда тараптар сотпен әңгімелесуден кейін, әсіресе отбасылық даулар бойынша істің насырға шауып, сотта қаралуынан бас тартып жатады. Енді егер тараптар медиацияға келіскен жағдайда 10 күн мерзім ішінде судья талап бойынша келісім шығарады. Ал келіспеген жағдайда іс бойынша материалдар жинақтап, зерттеу және айғақтарға баға беру жаңа судьямен жүзеге асырылады.
Семинар барысында төраға істі бір соттың іс жүргізуінен алып, басқа сотқа беру бөлігінде де Кодекске өзгерістер енгізілгенін айтты.
– Енді соттың анықтаған соттылығымен екі тарапта келіскен жағдайда олардың жазбаша өтінішхаты негізінде істі бір соттың іс жүргізуінен басқа сотқа беру ол туралы ұйғарым қабылданғаннан кейін дереу жүзеге асырылады. Жалпы бұл көдексе енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайтады, – деді Р.Алдамбергенов.
Сонымен қатар оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу ісін қарау, яғни тиісті шешім мен сот бұйрығын шығару тек электрондық форматта болады. Істің қалған санаттары талап қою арызының, арыздың қандай нысанда берілгеніне, тараптардың келісімі мен техникалық мүмкіндіктері бар-жоғына байланысты электрондық форматта қалуы мүмкін. Оңайлатылған іс жүргізу істері бойынша тек кіріспе және қарар бөліктерінен тұратын сот шешімі шығарылады. Яғни қате түсінуді болдырмау үшін Азаматтық процестік кодекстен қысқа, дәлелді шешім ұғымдары алынып тасталды.
Семинар барысында төраға жаңа өзгерістер соттардың жұмысын жақсартуға, елдің сот жүйесіне деген сенімін арттыруға, судьялардың қазіргі кездегі артық істермен айналысып жатқан жүктемесін азайту арқылы одан да күрделі істермен сапалы, кәсіби және тыңғылықты айналысуына, электронды сот процесін енгізуге мол мүмкіндік туғызатынын жеткізді.
Іс-шара соңында семинар қатысушылары тәжірибеде туындауы мүмкін деген мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты.
Меңдігүл АСАН,
аудандық соттың жетекші маман-
баспасөз хатшысы