Заңдағы өзгерістер түсіндірілді
Кент мәдениет үйінде биылғы жылдан бастап заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Сырдария аудандық соттың баспасөз қызметі.
Іс-шараға аудандық соттың төрағасы Р.Алдамбергенов, аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудан прокуроры Е.Алмазұлы және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
Семинарда аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов өз сөзінде 2019 жылдың 27 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойып, Қылмыстық және Әкімшілік кодекстеріне көліктегі, жол шаруашылығындағы, жеке бастың құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқанын айтып өтті.
Сот төрағасы олардың маңызды бағыттарының бірі - ұсақ бұзақылық және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып соғу әрекеттері бойынша жаза жеңілдетілсе, ал жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқаруы бойынша жазаның қатаңдағанын, аталған санаттағы істер бойынша жаңа өзгерістерді ескеріп, хаттамаларды толтыру тәртібін сақтау керек екенін айтып өтті.
Семинар соңында қатысушылар заңды іс жүзінде жүзеге асыру бойынша пікір алмасты.