Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлік дамыса, жағдай жақсарады

Кәсіпкерлік дамыса, жағдай жақсарады

Еңбек ардагері әрі аудандық газеттің тұрақты оқырманы ретінде соңғы уақытта аудандық басылымға мақалалар ұсынып жүрмін. Өзім кәсіпкерлік саласы бойынша ауданда атқарылған жұмыстардан атқарылуы тиіс жұмыстар көп деп ойлаймын. Бірақ жақсы нәтижелер де жоқ емес. Нәтижелердің болуы облыс әкімдігінің бастамасымен қолға алынған жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы аясында қабылданған шаралардың жемісі деп білемін. Бүгін аудандағы үлгілі сауда нысаны «Серікбол» дүкені жөнінде өз ойымды жазбақпын.

Кенттегі «Серікбол» дүкені тұрақты сатып алушылары бар іргелі, үлгілі сауда нысаны. Дүкен ашылғанда кент тұрғындарымен қатар жақын ауылдағы азаматтар да ерекше қуанды. Өйткені бұрын мұндай кең, қолжетімді, бір сөзбен айтқанда іздеген заттың бәрі табылатын әмбебап дүкен ауданда жоқ болатын. Сондықтан дүкенге ағылған жұртшылықтың қарасы қалың болды.

Мен 1974 жылы облыстық тұтынушылар одағында бөлім басшысы қызметін атқардым. Сол кезде Мәскеудегі «Орталық одақта» екі айлық курста оқыған болатынмын. Курсты Цинотур (Еңбек, менеджмент және рационализацияны ғылыми ұйымдастыру орталығы) институты ұйымдастырған еді. Бізге кооперативтік бөлшек сауда, көтерме сауда және оның есеп-қисабын жүргізу жөнінде кең көлемді мағлұматтар берілді. Көп сұрағымызға жауап таптық. Түсінікті тілмен жеткізер болсам, бізге бағыт-бағдар берген мамандардың сондағы айтқаны, әр дүкен әмбебап болуы керек. Яғни кенттегі «Серікбол» сауда орталығы секілді жанжақты жұмыстану қажет.

Курсты бітіріп келгеннен кейін сауданы ұтымды ұйымдастыру мақсатында облыста қаулы қабылданды. Сонымен бірге 1975-1978 жылдарды Жаңақорған, Шиелі, Арал, Қазалы аудандарына семинарлар өткіздік. Семинар барысында аудандағы сауда басшылары көптеген игілікті істерді атқарып, сауда мәселесі жақсарды. Көзқарас өзгерді. Бірақ қазіргі жағдаймен салыстырсақ, сол жылдары біз түпкі мақсатымызға жетпеппіз. Мәселе бізде емес, сол кездегі жүйеге байланысты екен. Мысалы бөлшек саудағы заттары тек 50 келілік қаппен немесе 5-10 келілік картон қораптармен келетіндіктен ол халыққа ыңғайлы емес еді. Атап өту керек, Кеңес үкіметі кезінде 1, 2, 3 келілік кішкентай картон қапшықтардан басқа зат салатын материалдар көп таратылмайтын. Оның өзі өте аз еді және бағасы да қымбат болатын. Сондықтан да Мәскеудің де, Алматының да, Қызылорданың да, ауылдағы дүкендер де затты тек қолда бар картон қағаздарға орап беретін.

Еліміз тәуелсіздік алуына байланысты экономикадағы Еуропамен, Қытаймен, АҚШ-пен және дүниежүзіндегі көптеген елдермен жанжақты байланыстар орнатылды. Соның арқасында әмбебап сауда орындары ашыла бастады. Бұл ел егемендігінің жемісі екені анық. Бұл қиындықпен, қажырлы еңбекпен келді. Мақаланы жазуымның бір себебі осы. Жастар білу керек, бар мен жоқтың қадірін ұғу қажет. Сонда ғана ел бақыты баянды болады.

Қазір дамыған заман. Дүкендердің есігі айқара ашық. Қалаған көлемде қалаған затты сатып алуға болады. Осындай жүйелі жұмыс «Серікбол» дүкенінен де анық аңғарылады. Осы ретте кезінде біз жасай алмаған жұмысты жүзеге асырған кәсіп иелеріне алғыс айтамын. Мемлекет тарапынан нақты қолдаулар көрсетіліп жатқанда кәсіпкерлікті дамытуымыз керек. Себебі кәсіпкерлік дамыса, жағдай жақсарады.


Жақия МЫРХЫҰЛЫ,
зейнеткер
21 маусым 2020 ж. 622 0