Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҰМЫСТАР ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ ІСКЕ АСУЫ ТИІС

ЖҰМЫСТАР ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ ІСКЕ АСУЫ ТИІС


Ауданға қарасты Іңкәрдария, Ақжарма және Шаған ауылдарында аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың төрағалығымен көшпелі мәжіліс өтті. Оның күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Жиынға аудандағы тиісті басқарма, бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ауыл ардагерлері, Қоғамдық кеңес төрағалары, мектеп, балабақша және дәрігерлік амбулатория қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселенің алғашқысы ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту туралы болды. Бұл жөнінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Л.Қозыбаева баяндама жасады. Бөлім басшысы есепті кезеңде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілер саны артып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, аудан бойынша үстіміздегі жылдың 1 сәуіріне 2081 шағын және орта кәсіпкерлік тіркеліп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілер 10,9 пайызға өскен. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында 161 кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Бұл бағытта ауданда кәсіпкерлікті дамыту үшін жол картасы бекітіліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынған. Осындай статистикалық мәліметтерді хабарлаған бөлім басшысы мәжілісте әр ауылдың көрсеткіштерін де атап көрсетті.
Аталған мәселе бойынша аудан басшысы биылғы жыл аймақта «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» екенін айтып, ауданда кәсіпкерлікті дамыту шаралары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Салық базасын ұлғайту, тұрақты жұмыс орнын ашу, қоғамдық-саяси ахуалды сақтау осы үш міндетті әркез алға қоятынын айтып, соның нәтижесінде барлық жағдай түзелетінін атап өтіп, ауыл әкімдерінің жұмысы кәсіпкерлікті дамытумен бағаланатынын жеткізді.
Көшпелі мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе ҰБТ-ға дайындық барысы жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Суюбаева есеп берді. Бөлім басшысы осы күнге дейін мектеп бітірушілерге, ата-аналарға ҰБТ-ның жаңа форматы, оны өткізу барысындағы өзгерістер түсіндірілген. Биылғы жылы мектеп бітірушілер 29 мамыр мен 9 маусым аралығында мектеп базасында өткізілетін қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өтпек. Ал 15 маусымға дейін оларға орта білім туралы аттестат берілетін болады. ҰБТ-ға баратын жас талапкерлер 20 маусым мен 1 шілде аралығында Қызылорда қаласындағы «Мұрагер» тестілеу орталығында сынақ тапсырмақ. Ағымдағы жылғы тестілеу сынағына 50 пайыз өзгерістер енген. Сондай-ақ, таңдау пәндерінде де өзгерістер бар.
Жалпы, биыл 339 оқушы мектепті бітіреді. Оның 64 пайызы ҰБТ-ға қатыспақ. Олардың ішінде 20 оқушы «Алтын белгіге», 12 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Сонымен қатар, көркейту-көгалдандыру екі айлығының қорытындысын аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияров баяндады. Бөлім басшысы кент және ауылдық округтерде тазалық жұмыстарына сенбіліктер ұйымдастырылғанын жеткізді. Ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілгенін де атап көрсетті. Ал мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жұмысына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Суюбаева хабарлама жасады.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер кеңінен талқыланғаннан кейін аудан басшысы тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмаларды жүктеді. Жарты жылдық бойынша жоспарлы жұмыстар өз деңгейінде іске аспаса, тиісті мекеме басшыларының, сала мамандарының қызметтік жауапкершілгі қатаң қаралатынын ескертті.

Е.БЕРКІНБАЕВ
22 мамыр 2018 ж. 1 074 0