Әкеге құрмет – балаға міндет
Халықаралық аналар күнін бәріміз асыға күтеміз. Осы мейрамды тойламайтын адам кемде-кем. Ал әкелер күнін ше? Бұл мейрамды көпшілік білмеуі де мүмкін. Әкелер күнін атап өту тек соңғы жылдары ғана жалпыхалықтық үрдіске айналып келеді.
Бір әкенің берген тәлім-тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды. Бұл өмірдің өзі дәлелдеген шындық. Әкенің тәрбиесі, тәлімі, өнегесі перзент үшін баға жетпес құндылық. Шаңырақтың шаттыққа бөленуінде де әкенің алатын орны ерекше. Сондықтан жоғарыда аталған мерекенің жалпыхалықтық думанға айналуы заңдылық.
Халқымызда «Әке – асқар тау», «Әкеден асқан алып жоқ», «Әке самайындағы шашты аңғармаған бала өз маңдайындағы бақты бағаламайды» деген тағылымды сөздер бар. Бұл жүрегі таудан үлкен, сезімі теңізден терең әкеге деген құрметтің белгісі. Негізінде әр бала әкесін қадірлеп, құрметтей білсе, онда атадан балаға мирас болып келе жатқан құндылықтар құлдырамайды, тозбайды. Отбасының да бірлігі бекем, тірлігі көркем, бақыты баянды болады.
Әкелер күні мерекесі маусым айының үшінші жексенбісінде тойланады. Мейрамды әлемнің 80-нен аса мемлекеті атап өтеді екен. Бұл күні түрлі іс-шаралар, кездесулер, тақырыптық кештер мен отбасылық сайыстар ұйымдастырылады. Оның түпкі мақсаты әкенің абыройын арттыру, отбасындағы, жалпы қоғамдағы орнын биіктету болып табылады.
Әкеге құрмет – балаға міндет. Әке туралы сөз қозғалса, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың «Әкеме» атты өлеңі еске түседі. Бұрын бір оқығанда санада жатталып қалған тамаша жыр еді. Дарынды ақын төрт шумақ өлеңге әкенің де, ананың да, баланың да отбасындағы, өмірдегі орнын сыйдырған. Сол өлең бүгінгі мақалаға сәйкес келетін секілді. Мақаламның соңын атақты ақынның әкеге деген ізгі ниетін өлеңмен жеткізген арнауымен қорытындылауды жөн көрдім.
«Әкем біреу, анам да біреу менің,
Мен жығылсам сүйенер тіреулерім.
Олар барда мереке, көрген емен
Қабақтарын шытқанын, түнергенін.
Менің досым әкесін жек көреді,
«Бізбен ісі жоқ оның» деп сөгеді,
Жамандайды сыртынан, тістенеді,
Бір-біріне бітпейді өкпелері.
Дос тапса да адамдар, тапса-дағы,
Әке жалғыз, табылмас ақшаға да,
Жамандасаң әкеңді, саған әкеп,
Жақсы әкесін бере ме басқа бала.
Әке – білек, саусағы – балалары,
Қан тамырмен жалғасқан аралары,
Ана – тамыр бойымен бәріне де,
Тіршіліктің жылуы таралады».
Әкені ардақтайық, өзіміз де ардақты болайық, әкені құрметтейік, өзіміз де құрметті болайық, қадірлі оқырман! Әкені аялайық, өзіміз де аяулы жанға айналайық, әкеден құрмет-қошеметті аямайық!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ