Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БІР ӘКЕНІҢ ТӘРБИЕСІН ЖҮЗ МЕКТЕП ТЕ БЕРЕ АЛМАЙДЫ

БІР ӘКЕНІҢ ТӘРБИЕСІН ЖҮЗ МЕКТЕП ТЕ БЕРЕ АЛМАЙДЫ

Кеше ғана көктемнің шуағымен келген Халықаралық әйелдер күнін атап өтіп, аяулы аналарға, қыз-келіншектерге құрмет көрсеттік. Әрине, бесік пен әлемді қатар тербетіп отырған әйел-ананың алар орны бөлек. Мейірбан аналарды ұлттың тәрбиешісі деп жатамыз. Алайда, шыр етіп дүниеге келгеннен жанашыр болған анадан гөрі әркез әкенің орны бір саты жоғары тұрады. Өйткені, бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайтын қағида бар бізде.
Сөзімізге дәлел, әкесіз өскен бала мен әке тәрбиесін көргеннің жөні екі бөлек. Олай дейтініміз, ардақты әкеден тағылым алған бала бұзақылық, жөнсіздікке көп жол бере бермейді. Ал әке тәрбиесін көрмегеннен көптеген бейәдеп қылықтар күтуге болады. Әрине, бұл тағдыр тауқыметімен әке қамқорлығынсыз қалған балалардың бәрі сондай деген сөз емес. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десе де, олардың көпшілігі келеңсіздікке, қылмысқа бейім болып тұрады. Себебі, олар жөнсіз қылық жасағанда оны түзеп, қайталамауға жөн сілтеп отыратын әке тәрбиесінен өтпеген.
Мұны неге айтып отырмыз? Жақында №131 Т.Қозыбаев атындағы мектепте әкелермен ерекше форматта кездесу өтіп, сонда әке мен бала арасындағы байланысқа қатысты біраз мәселе көтерілді. Кездесуге әр сыныпта оқитын оқушылардың әкелері шақырылып, ұстаздар бүгінгі қоғамдағы ер кісілердің рөліне ерекше мән берді.
Кездесуді мектеп директоры Л.Палымбетова ашып, баланың Отансүйгіш, ұлтжанды болып өсуіне әкенің ықпалы зор екенін айтты. Ол үшін әке баласына кішкентай кезден дұрыс тәрбие бере білуі тиіс.
– Бала өмірінде әкенің алар орны бөлек. Алайда, қазір ер кісілердің жұмысбасты болуынан балаларға әке тәрбиесі жетіспей жатады. Мектепте оқитын баласының тәртібін, сабағын бақылауды әйел-аналарға ысырып қойған. Соның әсерінен қазір қоғамда ер адамдардың беделі төмендеп, балалар ынжық болып өсуде, – деген мектеп директоры әкелердің мектеппен тығыз байланыста болу керектігіне тоқталды.
– Жаңа кездесу басталардан бұрын ер кісілерден «Мектеп бітіргелі келмеппіз», «Мектепке әйелді жібереміз ғой» дегенді естіп жатырмыз. Ұстаздар да тек оқушылардың аналарын ғана танимыз дейді. Үйлеріне барса, әкелері жұмыста болады екен. Сол себепті мектеппен байланысты күшейту үшін осындай кездесу ұйымдастырып отырмыз, – деді Л.Палымбетова.
«Әкешім – баға жетпес байлығым» тақырыбындағы кездесуде мектеп мұғалімдері оқушылардың өз қамқоршылары жөніндегі пікірлерін біліп, олармен өзіндік жұмыстар жүргізген. Соның алғашқысын информатика пәні мұғалімі Л.Жанәлива таныстырды. «Әке – отбасы тірегі» тақырыбында арнайы видеокөрсетілім түсіріліпті. Онда 4-сынып оқушысы Асқар Рысбаев өз әкесінен үйренері мол екенін жеткізеді. Әкенің көмекшісі бола жүріп, сол сияқты болғысы келетінін айтады. Өйткені, әлемде алты миллиардтай адам болса, оның бәрі Асқардың әкесіне жетпейді. Ол мейірімді, қандай жағдайда да өзін сабырлы ұстайтын, қолынан барлығы келетін өте жақсы адам. Видеокөрсетілімнің соңында мектеп оқушысы «Мен өте бай адаммын. Себебі, әкем жанымда» деп қорытындылапты.
Сондай-ақ, мектепте 1-6 сынып оқушыларына әкеге қатысты сурет салғызған. Оған бастауыш сынып мұғалімі М.Бекішова тоқталды. Негізі, баланы ешбір жазу-сызу түспеген ақ қағаз десек, үйде алған тәрбие соған қазқалпында түседі. Яғни, бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Оқушылардың салған суретінен осыны аңғаруға болады. Онда балалар «Менің әкем – қамқоршым”. “Менің әкемдей жан ешбір жерде жоқ”. “Мен әкемді жақсы көремін» деген сөздерді жазып, олардың суретін салған. Жалпы, осы суреттерге талдау жасап, қорытынды шығарылғанда қыздардың әкеге жақын екені байқалған. Ал ер балалар тұйықталып, ашық айтпай, өз пікірлерін әлі де еркін жеткізе алмайды екен.
Жоғары сынып оқушылары да әкеге қатысты өз пікірлерін білдірген. Олар «Менің әкем» тақырыбында эссе жазған. Кездесуде солардан іріктеліп алынған бес шығарманы география пәнінің мұғалімі С.Оспанова таныстырып өтті. Онда да мектеп оқушылары әрқашан әкенің беделі жоғары, оның алар орны зор екенін қағазға түсірген. Ал мектеп психологы Б.Махашева 4-5 әкені ортаға шығарып, ортақ сауал қойды. Ұл-қыздарының қандай түс, қандай асты жақсы көретінін, жақын досы кім екенін, сынып жетекшісінің толық аты-жөнін, қалай еркелететінін сұрады. Ортаға шыққан әкелер сұрақтардың кейбіріне жауап берсе, кейбірінде кібіртіктеп қалды. Осыдан-ақ, бала тәрбиесіне отбасы тірегінің көп көңіл бөле бермейтіні аңғарылғандай болды. Психолог әке мен бала арасында тығыз қарым-қатынас болу қажеттігін ескертіп, кеңестер берді. Қатты ашуланғанда балаға қысым көрсетпеуді атады. Өйткені, бала жасқаншақ болып өссе, есейгенде кері әсері болмақ.
Ұстаздармен бірге учаскелік полиция инспекторы Т.Махатов та сөз алып, кәмелетке толмаған балалардың қылмысын болдырмау аса маңызды қадам екенін жеткізді. Әке мықты болса, бала тәрбиесін үнемі назарда ұстаса, балалар арасында келеңсіздік те, қылмыс та болмақ емес. Түнгі мезгілде беймезгіл уақытта да жүрмейді.
Мұнан соң кездесуге келген әкелер пікірлерін білдірді. Олар расында бүгінгі таңда жұмысбастылыққа салынып, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлінбей жатқанын жеткізді. Мектеппен де байланыс арагідік. Десе де, отбасында бала тәрбиесін үнемі назарда ұстайтын әкелер жетерлік. Қандай телебағдарлама көретінін, қайда баратынын, нені қалайтынын білетіндер көп. Олар кездесуден ой түйіп, алдағы уақытта білім ошағымен байланысты күшейтетіндерін айтты. Іс-шара ұйымдастырылса бірге атсалысатындықтарын жеткізді. Кездесу барысында мектеп директоры тағлымды тәрбие беріп жүрген әкелерге «Алғыс хат» табыс етті. Баласының мектепте белсенді болып, үздіктер қатарында жүргеніне әкелер бір марқайып қалды.
Жалпы, қазақ даналығында «Әке көрген оқ жонар...» деген нақыл бар. Мұның астарында отбасы тірегінің тәлімін алған бала ұлтжанды, ер жігітке тән қасиеттерді бойына жинайды деген ұғым жатыр. Сондықтан бала өмірінде әкеге қарап өскен ұлдың ұлтқа жанашыр болатыны сөзсіз. Оның тәрбиесін көрген қыз да арына дақ түсірмейді. Бұл ардақты, асқар тау әкенің тәрбиесіне ештеңе жетпейді деген сөз.

Е.БЕРКІНБАЕВ
23 наурыз 2019 ж. 1 840 0