Партия қатарына жастар тартылады
Сырдария ауданының 20 жастан асқан тұрғындары үшін партиялық кадрлық резервке іріктеу басталды. Бұл туралы Nur Оtan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді. баспасөз мәслихатына журналистер, әлеуметтік желі белсенділері мен жастар қатысты.
– Қазіргі таңда Nur Otan партиясы өз жұмысын қайта жандандырып, нақты жүзеге асуы тиіс жаңа жеті бағытты айқындады. Онда партияның белсенді мүшелерін топтастыру, халықпен, оның барлық әлеуметтік топтарымен жүйелі жұмыс істеу қағидатын енгізу, партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдау секілді негізгі міндеттер қамтылды. Ендігі кезекте партия мүшелерінің саны емес, сапасы маңызды болмақ. Алдымызда тұрған мақсаттарға қол жеткізу үшін аймақтағы барлық партия мүшелері ел өміріне белсенді атсалысуы керек, халыққа жақын болуы тиіс. Қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамай, белсенділік таныту, мәселелердің оңтайлы шешілуімен жүйелі айналысу – бұл біздің негізгі міндетіміз. Осы ретте ауданды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға ынталы және қоғамның тыныс-тіршілігіне етене араласуға ниетті сырдариялық әрбір азаматты партиялық кадрлық резервке іріктеуге қатысуға шақырамыз. Іріктеуге 20 жастан асқан, соттылығы жоқ және Сырдария ауданының аумағында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Партиялық резервке іріктеуге тек партия мүшелері ғана емес, сонымен қатар партияда жоқ, бірақ Nur Otan партиясының қатарына қабылданғысы келетін азаматтар да құжат өткізуге болады. Жұмыстардың барлығы ашық жүргізіледі және қорытындысы қосымша хабарланады , – деген Nur Оtan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова кадрлық резервке қатысу шарттарын түсіндірді.
Брифинг барысында Nur Оtan партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып кадрлық резервке құжат өткізу барысында сұратылатын мәліметтер жөнінде кеңінен ақпарат берді. Іріктеуге қатысушылар Nur Оtan партиясының ресми сайтында көрсетілген «Партиялық кадрлық резерв» бөліміне тіркелу және іріктеуге қатысуға өтініш беру керектігін айтты. Сонымен бірге аталған сайтқа қажетті құжаттар, жеке куәлік, партия билеті (бар болса) және басқа да тиісті құжаттардың жүктелу қажеттігіне тоқталды. Бұл жөнінде арнайы хабарландыру аудандық газетте және әлеуметтік желілерде жарияланғанын жеткізді. Сонымен қатар, өтінімді Тереңөзек кентіндегі Нәлқожа Ергешбаев көшесі №5 мекенжай бойынша Сырдария аудандық партия филиалына (ұйымдастыру комитеті) жеке ұсынуға болатынын атап өтті.
Брифинг соңында қатысушылар сұрақтарын қойып, партия жұмыстарын жаңғырту, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету және жетекші партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылған маңызды міндеттерді жүзеге асыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде толыққанды мәлімет алды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ