ГАЗЕТ ОҚЫРМАНЫМЕН БАҒАЛЫ
Жыл басы әдеттегідей қарбаласқа толы кезең. Қай саланы алып қарасаңыз да мамандар жаңа жылды жоспарлап, атқаратын жұмысты егжей-тегжейлі жүйеге түсереді. Осындай қарбалас сәт аудандық басылымда да орын алуда. Әсіресе, баспасөзге жазылу науқанын аяқтаған баспасөз мамандары жылдың жаңа таралымын есептеп әуре. Шығармашылық жанның қызығушылық танытатын тұсы да осы. Яғни, «біз жаңа жылдан бастап қанша оқырманмен табысамыз», «оларға қандай мәнді де сапалы мақала ұсынамыз», «оқырман нені қызығып оқиды» деген сауал төңірегі шығармашылық ұжымды ойландырады. Осындай ойды елегіңнен өткізіп отырғанында алдыңа басылымның баспасөз маманы керегіңді әкеп бергенде, іздегенің алдыңнан табылғанына қуанасың.
Мәліметтерге көз жүгіртіп, көргеніміз аудан айнасының байырғы оқырманы әдеттегідей мұғалімдер мен денсаулық саласының қызметкерлері екеніне сүйсінесің. Қос сала мамандары басылым таралымының жартысына ие. Жоспарды 100 пайызға орындаған білім саласы мен ақ халатты абзал жандарға ризамыз. Олардың үлесі 1600 дананың үстінде.
80 жылдық тарихы бар аудандық газеттің жанашырлары ауданға қарасты барлық мемлекеттік орган қызметкерлері десек артық айтқандық болмас. Ауылдық округ әкімдерінен бастап, барлық саланың бөлім басшылары баспасөз науқанына жақсы атсалысатынын атап өткен жөн. Әсіресе, биыл құқық қорғау органының қызметкерлері жақсы көрсеткішпен қуантты. Ал, соңғы жылдары ауданның үнжариясынан қол үзіп қалған аудандық электр тарату торабының ұжымы 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығынан бастап газет оқырманы қатарын толықтырды.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, республикалық, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын бірқатар мекеме де науқанға бір кісідей атсалысты. Атап айтқанда, «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесі, мұрағат, «Казсушар» РМК «Арал» СЖКБД филиалының Сырдария оқшау сумен жабдықтау өндірістік бөлімшесі, Ветеринариялық станса, Зейнетақы төлеу орталығы, «Шиелі Жарығы» ЖШС-і белгіленген жоспардан шықса, Қазынашылық басқармасы аудан айнасының тиісті жоспарын артығымен орындады.
Десек те, баспасөзге жазылудан мүлдем тыс қалатын мекемелер де бар. Олар теміржолшылар, Қазпошта, туберкулезге қарсы күрес диспансері, жедел жәрдем, жеке балабақша қызметкерлері. Осы ретте, Шаған ауылындағы «НұрАй Сая» жеке балабақшасын атап өткен жөн. Бұл ұжым газеттің 10 данасына жазылғанын әріптестеріне үлгі етеміз. Бұл да болса шағын ұжымның жақсы көрсеткішпен атсалысқаны. Алғыс зор
Елбасы саясатын тұрғындарға насихаттап, елдің жақсы жаңалықтарын жариялауды басты мақсат еткен «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымы мерейлі жылда оқырмандарын қызықты мақалаларымен қуантатын болады.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ