SMART CITY: ЖАЙЛЫ, ҚАУІПСІЗ ҚАЛА
Қазіргідей күн санап дамып келе жатқан қоғамда таң қалдырудың тамаша кезеңі туды. Ол бұрынғыдай қарапайым дүниелермен емес, «сандық революция» дәуіріндегі ерекше инновациялық құрылғылармен, ең үздік технологиялармен жасалған жаңа туындылар болып отыр. Бұл, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылғандай, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудың локомативіне айналмақ. Яғни, инновациялық технологиялар адамзаттың өмір сүру сапасын жоғарылатып, материалдық ресурстарды үнемді пайдалануға септігін тигізеді. Осының негізінде «ақылды ұлт» «Ақылды қалалар» тиімділігін көрмек.
«Смарт сити» тұжырымдамасы барлық қалалық қызметтердің тиімділігін арттырады. Оның негізгі миссиясы жайлылық, қауіпсіздік болғандықтан халық көп шоғырланған үлкен мегаполистерде мұның қажеттілігі зор. Өйткені, адам көп жерде қауіп жоғары. Мұндай жерлерде әркім өзін жайсыз сезінетіні тағы бар. Ал осындайда халықтың уақытын тиімді үйлестіріп, жұмыс жүйелілігін, сапасын арттыратын ол әрине инновациялық технология негізіндегі заманауи құрылғылар. Бір сөзбен айтқанда, «Ақылды қалалар» – бұл ақылды орта, ақылды басқару.
Халықаралық тәжірибеге жүгінер болсақ, «Смарт сити» тиімділігі жоғары екені айқындалған. Мәселен, энергия үнемдеу, ТКШ, көлік, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау және өзге де салаларда инновациялық шешімдер есебінен, қызмет пен қауіпсіздік деңгейінің жоғары екенін қоса алғанда, қалалық процестерді орталықтандырылған басқару жүйесінің жаңа мүмкіндіктері, біртұтас талаптары қалыптасқан. Соның нәтижесінде, «ақылды қалаларда» энергоресурстар біраз үнемделуде. Яғни, көшелерді электроэнергиямен жарықтандыру – 60 пайыз, жылуды тұтыну – 30 пайыз, коммуналдық, қалалық желілерге қызмет көрсету шығыны – 30 пайыз, электроэнергияны пайдалануға арналған есепшоттар – 26 пайыз төмендеген. Бұл арада, қоғамдық қауіпсіздіктің артқаны айтпаса да түсінікті.
Жалпы, әлемде «Ақылды қалалар» қатары жетерлік. Оның көш басында Канаданың Торонто қаласы тұр. Зәулім ғимараттар, көп қабатты үйлер шоғырында орталықтандырылған басқару жүйелерінің жаңалығы халыққа жақсылығын көрсетіп келеді. Негізі, бұл қаланың өнеркәсіптеріндегі басты салалар қатарына ақпараттық технологиялар және компьютерлер саласы жатады. Мұндай салалардың қарқынды дамуы қауіпсіздікті де қамтамасыз етеді. Сол себепті де Торонто әлемде «Ақылды қалалар» тізбегінде алдыңғы қатарда. Бұл тізбекке АҚШ-тың алғашқы астанасы болған Нью-Йорк қаласын қатар айтуға болады. Әлемде бұқаралық ақпарат құралдары, саясат, білім, өнер және сән салаларындағы ықпалы бойынша көшбасшы орталық болып саналатын қаланың инфрақұрылымдық зияткерлік дамуы да ерекше. Мегаполисте күл-қоқыс утилизациясы жақсы дамыған.
Жапония астанасы Токио қаласы үздік үштікке енеді. Жаһанда жапондар машина жасау технологиясымен аты шыққан. Одан бөлек, осы заманауи құрылғылар есебінен әлемдегі экономикасы өркендеген қалалар тізбегінде көш ілгері. Мұнда инновациялық технологияларды жедел дамыту жолға қойылып, жапондықтар робот технологиясын жетілдіруімен де ерекшеленеді. Айта берсе, «Ақылды қалалардың» үздіктер қатарына Лондон, Сан-Франциско, Сан-Хосе, Бостон, Барселона, Лос-Анджелес, Сингапур, Париж, Дубай секілді үлкен қалалар кіреді. «Смарт сити» рейтингісіне енген бұл қалалар нақты бір немесе екі саланы таңдаған. Мәселен, Торонто қауіпсіздікке күш салса, Барселона көлік қатынасын барынша автоматтандыруды көздейді. Сол сияқты Нью-Йорк үшін күл-қоқыстың утилизациясы, Париж үшін көгалдандыру, Сингапур технологиялық бағытты, ал Мәскеу тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын таңдаған.
Интеллектуалдық қауымдастық форумының (АҚШ) рейтингі бойынша 2016 жылы «топ-21» «Ақылды қалалар» тізіміне енген Астананы «ақылды қала» ретінде дамыту үшін екі жоба жүзеге асырылуда. оның бірі – «Астана қаласының интеллектуалды көлік жүйесі», екіншісі – «Қауіпсіз қала». Сонымен қатар, өткен жылы «EXPO-2017» халықаралық көрмесінде «Болашақ энергиясын» басты тақырып еткен бас қалада энергия көздерін үнемді пайдалану бағыты да қарастырылуда. Мұның өзі еліміздегі мегаполистің әлемдегі «Ақылды қалалар» көшбасшысына айналуына жол ашпақ.Осы тәжірибе негізінде Қазақстан барлық қалалардың «Смарт сити» жобасымен тұрғындар тұрмысының артуына жүйелі жұмыс жасауға кіріскен.
Бүгінгі таңда қазақстандықтар үшін әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруге айқынды қадамдар жасалуда. Соның қатарында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында қазіргі заманғы өндірістің инновациялық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, «ақылды қалалар» жобасын жүзеге асыру басты міндет болып отыр. Оған Мемлекет басшысы пәрменді тапсырма да берді. Сондықтан әлемдік тәжірибені тиімді қолданып, ғылым мен өндірістің тығыз байланысына ерекше назар аударған жөн.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ