ТҮЛЕКТЕР БАСТАМАСЫ ҚОЛДАУ ТАБУДА
Мектеп бітіруші түлектер үшін биылғы оқу жылының соңғы күндері өтуде. Жүректері алып ұшқан онбіріншісыныптықтар алдында үлкен мақсат пен арман күтіп тұр. Соның ең негізгісі орта білім туралы аттестат алып, қалаған оқу орнына түсу үшін ұлттық бірыңғай тест сынағын тапсыру.
Осындай қарбалас сәтте ата-аналар да балаларын демеп, қатарынан кем етпей алаңсыз жағдайларын жасауға тырысып бағуда. Жыл сайын сән-салтанатымен өтетін “Соңғы қоңырау” жиыны мен мектеп бітіруші кеші ата-ананың демеушілігімен өтеді. Бұл жағдайға қалыптасқан үрдіс деп қарап, оны қайткен күнде есте қаларлықтай етіп өтуіне бар күшін салады үлкендер. Алайда мұның барлығы ата-ананың қалтасына салмақ салатыны жасырын емес. Мектеп бітіру кешінде қымбат көйлек киіп, мейрамхана жалдап, көлікпен қыдыратын жастар осылайша есте қалдыруды мақсат ететіндей көрінеді. Дегенмен қазіргі саналы ұрпақ мұндай шығынның орынсыз екенін түсініп, жақсы бастаманы уақытында қолға алғаны қуантады.
Жақында әлеуметтік желіде ауданға қарасты №130 Абай Құнанбаев атындағы орта мектептің жас түлектерінің бейнеролигі шықты. Онда мектеп бітірушілер:
“Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында бастау алған үндеуді қолдаймыз. Біз, жас түлектер ата-анамыздың қаражатын ысырап етпеу үшін қымбат киім-кимеуге шақырамыз.
Біз, “Адал ұрпақ” ұйымының мүшесіміз. Адал ұрпақ атымызға сай ата-анамызға, мектеп ұжымына адал қызмет жасаймыз.
Біз, салтанатты іс-шараны мектеп қабырғасында өткізіп, ата-анамыздың қаражатын үнемдеп жұмсап, қымбат көлік, қымбат тойхана қолдануға қарсымыз.
Қасиетті Рамазан айында қайырымдылық іс-шараларын көптеп өткізуді қолдаймыз.
Біз, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі барлық мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тілейміз!” деді.
Несі бар, қуанарлық жағдай. Орынсыз шығын ата-ана үшін үлкен көмек. Мұны жақсы бастама ретінде қолдап, ауданның барлық мектептің бітіруші түлектері де қолдап кетті.
Б.ЖАНӘЛІ