Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек – ердің айнасы

Еңбек – ердің айнасы

Бүгінде Нағи Ілиясов ауылын білмейтін адам кемде-кем шығар. Аудандағы «қаланың» абыройы Елбасының бағасынан кейін тіпті аспандап кеткенін ел-жұрт жақсы біледі. Аталған ауылдағы жасампаз жаңалықтар мен жұмыстарға кімнің де болса көңілі толады. Ауданның айнасы, бетке ұстары, үлгі етері де осы ауыл. Бір сөзбен айтқанда, сәулетті ғимараттары менмұндалайтын, көшелері мұнтаздай таза келбетті елді мекеннің еңсесі биік. Бәрі қажырлы еңбектің мәуелі жемісі.
Сенбінің тағы бір берекелі таңы атты. Арқа жақтан салқын самал есіп тұр. Қасиетті айда ораза ұстап, ниет еткендердің тілегін Тәңір жарылқап, күн қарасып тұрғандай. Мұндай тамаша ауа-райында демалыс күнгі алтын уақытты босқа өткізуге әсте болмайды.
Қалыптасқан үрдіс бойынша сенбі күнгі сапарымыздың жай-жапсарын бір күн бұрын аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Лекеров айтқан болатын. Бұл жолы аудан әкімі Руслан Рүстемов Нағи Ілиясов ауылына барып, шаруашылықтың жұмысымен танысуды жоспарлапты. Аудан басшысының «Мағжан және К» серіктестігінің күріш алқабындағы қызу еңбекті көзімен көріп, дала еңбеккерлерімен жүзбе-жүз пікірлескені дұрыс-ақ. Әрі бізге «нан» болады. Нан дегеніміз газетке басылатын мақала ғой. Осындай орайлы сәттерде шаруашылық жұмысын жазбасақ, қазіргі карантинде онлайн жұмыс істейміз деп, көп ауылға емін-еркін кіріп-шыға алмай қалдық. Бұл да тәртіп. Тәртіпке бағынғанымыз жөн.
Келісілген уақытта жүйткіген жеңіл көлікке мініп, елді мекенге қарай жолға шықтық. Көлік ішінде аудан басшысы мен орынбасары биылғы егін науқаны жөнінде пікірлесіп келеді. Мен ой үстіндемін. Нағи Ілиясов ауылындағы шаруасы шарықтаған шаруашылықтың жұмысын бұл жолы қай қырынан жазсам екен деген ой ғой... Ой жетегіне еріп, ауылға қалай келгенімізді де білмей қалыппын. Бізді ауылдың кіреберісінен «Мағжан және К» серіктестігінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек және ауыл әкімі Сағадат Нұрмағанбетов бастаған азаматтар күтіп алды.
– Сәтті егін науқаны болсын!, – деп бастады аудан әкімі Руслан Рүстемов үлкен жолдың бойындағы әңгімені. «Айтқаныңыз келсін» деп сөз жалғаған серіктестік төрағасы Дархан Ералиевтің жүзінде сүйінші хабар жасырулы тұрғандай.  Анық аңғарыппыз. Биылғы егін науқаны ерекше жаңалықтарға толы екен. Оны жол-жөнекей баяндағанда жазып үлгере алмағанымды жасырмай-ақ қояйын.
Біз серіктестіктің №3 бригасына келіп тоқтағанда бригадир Қонысбек Қыдыралиев бастаған азаматтардың тегістелген алқапқа егін егу жұмыстарын жүргізіп жатқанын көрдік. Атыз бойында бас агроном Манарбек Тұрсынбеков те жүр. Ол тәжірибесімен бөлісіп, жас агроном Тайыр Меңлібаевқа бағыт-бағдар беруде. Серіктестік басшысы №3 бригадаға барлығы 570 гектар жер тиесілі екенін айтты.
– Мұнда 530 гектарға күріштің янтарь сорты, қалғанына «Сыр сұлуы» егіледі. Қазір жер жырту, тегістеу жұмыстары толық аяқталды. Жігіттердің егін егуге кіріскеніне бірнеше күн болды. Жұмыс жоспар бойынша жүргізілуде, – деген Дархан Жұмашұлы көктемнің бір күні жылға азық екенін тілге тиек етті. Осы ретте аудан әкімі Руслан Рүстемов неміс халқының әлемге әйгілі жазушысы әрі ақыны Гетенің «Егуден де ору қиын» деген сөзінен мысал келтіріп, күрішшілерді егін науқаны аяқталамын дегенше алда талай тынымсыз күндер күтіп тұрғанын меңзеді. Қазақтан сөз артылған ба? Гете айтқан тәмсілді біздің бабаларымыз одан бұрынырақ айтып, ұрпаққа мұра етіпті. Оны серіктестік басшысының аузынан естідік.
– Бабаларымыз «Егін егу – бір ерлік, оны жинау – мың ерлік» деген. Сол секілді күрішшілердің әр күні ерлікке толы. Олар егілген егінді мәпелеп баптап, аялап күтпесе, жемісін көре алмаймыз. Елбасының «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген сөзі бар. Биылғы жылдан үмітіміз көп, – деп түйіндеді Дархан Жұмашұлы.
Иә, халық – дана. «Берекені көктем тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген бабаларымыз әрқашан әр істің астарын игі ниетпен ұштастырған. Ниет демекші, жақында әлеуметтік желі белсендісі Үйтолған Жәреке біздің Сырдария ауданы туралы жақсы жазба жариялапты. Ол өз жазбасында сәуір айының ұмытыла бастаған сарқыншағы ұзынсары ұғымының мән-маңызын айшықтапты. Түсінікті болу үшін желі белсендісінің жазбасын назарларыңызға сөзбе-сөз ұсынайын. «...біз ырымшыл халықпыз және сол ырымның қырын кетуі сирек. Осы сәуірдің күн ұзарған кезін «ұзынсары» деп атапты. Сол ұзынсары уағында ауылдан бір дорба сүйек келетін. Ішінде асық жілігі, құйымшағы бар. Біздің жақта оны «қылжабысқан» дейді. Соғымның соңы. Оны қызға берсе, сол жылғы төлдейтін төлдің дені ұрғашы, өсімтал болады деп ырымдаған. Дала философиясы демей көріңіз.

Бүгін оны еске түсіруім бекер емес. Сырдария ауданында «Дала күні» болыпты. Жер ананың бауырына дақылдан шашу шашылған. Аймақ басшысы арнайы барып, сол рәсімді жасаған екен. Биыл ақ маржан бітік болатын шығар. Сырдария көш бастаса, таң қалмаймын» деген Үйтолған Жәреке жазбасын «лайым диқанның тері текке кетпей, қамба толар жыл болсын» деп қорытындылапты. Әлеуметтік желіге жарияланған осы жазбаның астына жазылған пікірлерде есеп жоқ. Тілектес екенін білдіріп жатқан ниеттес азаматтардың пікірін оқып қуанып қалдық. «Халық айтса, қалт айпайды». Кім біледі, мүмкін сырдариялық диқандар биылғы егін науқанында ел қамбасын алтын дәнге толтырып, көш бастайтын шығар. Оған мүмкіндік көп. Тек еселі еңбек әділ бағаланса болғаны.
 Біздің сапарымыз мұнан әрмен қарай қырманда жалғасты. Егін егу кезінде қырманда жұмыс саябырсыған шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, қарбалас жұмыстың «көкесі» осында екен. Күріш ақтайтын қос бірдей алып құрылғының жаңартылып жатқанын көзбен көрдік. Бізге «Абзал және К» толық серіктестігі директорының орынбасары Сағидолла Сыздықов соңғы жылдары атқарылған жұмыстар мен жетістіктерді қысқаша баяндады.
– «Мағжан және К» серіктестігі Нағи Ілиясов ауылының еңбекке қабілетті азаматтарын жұмыспен қамтып отырған іргелі шаруашылық. Серіктестіктің былтырғы жылғы ең негізгі жаңалығы, ол – цифрлы технологиямен басқарылатын күріш зауытының ашылуы. Бұл зауыт сағатына 5 тонна күрішті өндеуге қуатты. 2005 жылы құрылған серіктестік 2009 жылға дейін тек күріш өсірумен айналысып, кейін күріштің элита тұқымын өндіруді жолға қойған болатын. Жаңа кәсіпорында қуаттылығы сағатына 5 тонна күріш өндей алатын Оңтүстік Кореяның «Daewon GSI» күріш өндірудегі цифрлы технологиясы пайдаланылады. Зауыт жаңа технологияның арқасында бір орталықтан автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Бұл зауыттың әзірге Қазақстанда баламасы жоқ. Сондай-ақ, шаруашылықтың техникалық паркі 90%-ке жоғары технологиялық «Claas», «John Deere», «Case» маркалы комбайндарымен жаңартылған. Күріш және жоңышқа тұқымдары германиялық Petkus жоғары технологиялық тұқым тазарту зауытында қайта өңделеді. Ал енді, дәл қазір біз тұрған қырманда екі күріш ақтайтын алып құрылғы орналасқан. Биыл олар толықтай жаңартылып, Кореяның технологиясы енгізіледі. Яғни, енді қара күріштің 97% толық тазаланады. Шығын бірнеше есеге азайып, өнім көлемі артады. Біз мол қаржыны ертеңгі күнге сенгендіктен салып отырмыз және соңғы 25 жылда бірінші рет биыл техниканы несиесіз алуға қол жеткіздік, – деді ол. Қырмандағы жаңалықтарды жалғастырған «Мағжан және К» серіктестігінің директоры Дархан Ералиев былтыр бұл маңға барлығы 298 мың тонна астық жиналғанын айтты. Сондай-ақ биыл серіктестік иелігінде бұрын-соңды болмаған жаңа техникалар алыныпты.
– Қырмандағы алып құрылғы жаңартылғаннан кейін сағатына 30 тонна күріш ақталады. Жаңа технология шикізатты органикалық және бейорганикалық қоспалардан тазартуға және тұқымды қалпына келтіруге арналған. Бұл жұмыс өнімділігінің кепілі. Биыл техникалық әлеуетіміздің артқанын ерекше атап өтуіміз керек. Мысалы, биылғы егін егу науқанын және егін жинау кезеңін сапалы ұйымдастыру үшін «Claas Aхіоn 850» маркалы 2 трактор, «Lemken» атты 6 соқа, «МТЗ 80.1» 2 тракторы алынды. Мұнан бөлек «Astra» маркалы су жаңа 2 тұқым сепкіш пен 3 дана «БДМ 4.2» дискілі соқа жұмысқа қосылды. Сондай-ақ екі дана «Macdon» және бір данадан «Claas Marcant», «Claas Leхіоn 750», «Claas Cerio 560», «Poluzzi», «Омикорм» техникалары алынды. Мұның бәрінің бағасы 637 млн 839 мың теңгені құрайды. Қаржының қайтарымы боларына сенеміз, үмітіміз мол, – деген Дархан Жұмашұлы егін жинау науқанында қырмандағы қарбалас жұмыс екі ауысымда жүргізілетінін жеткізді.
Қырмандағы жұмыспен толыққанды танысқаннан кейін серіктестіктің №7 бригадасына бардық. Мұнда бас агроном Асқар Әлиакпаровтың басқаруымен бригадир Шухрат Бизақов бастаған азаматтар тұқым дайындау бағытында жұмыстар жүргізуде. Бас агрономның айтуынша, серіктестік бұрын тұқымды сырттан алса, қазір өздері дайындап жатыр.
– «Мағжан және К» серіктестігі 2018 жылдан бастап бірегей тұқым шаруашылығы мәртебесін алды. Сіздер бірегей тұқым шаруашылығының бірнеше кезеңнен тұратын циклының бастапқы кезеңін көріп тұрсыздар. Тұқымдар қолмен жиналып, биометриялық анализ жасалғаннан және сұрыпталғаннан кейін егіледі. Әрине, бұл жұмысты алдағы уақытта міндетті түрде механикаландырамыз. Қазіргі таңда қолмен егіп, қолмен жинаймыз. Бірегей тұқым шаруашылығы облыс диқандарын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету үшін қажет, – деген Асқар Пернебекұлы аталған тұқым шаруашылығы күріштің янтарь және лидер сорты бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Осы ретте серіктестіктің бас агрономының Ресейдің Краснодар аймағындағы Кубань Мемлекеттік аграрлық университетінің «Топырақтану және агрохимия» мамандығы бойынша магистрі екенін айта кеткеніміз жөн. Асқардай азаматтардың үлкен қалаларда оқып, кейін өз білімін туған жерінің өсіп-өркендеуіне жұмсауы өте орынды. Ізденісті серік етіп, жалынды жастық шағын игі істерге арнап жүрген білікті маманның жұмысы сәтті болғай.
№7 бригаданың атыз басында серіктестік басшысы Дархан Ералиев Социалистік Еңбек Ері Күләнда Әбдіраманова егін еккен бұрынғы алқаптың былтыр шөп-шалаңнан тазартылғанын, биыл бұл жерге 70 гектар күріш егілетінін айтты. Ескі қоныс аталып кеткен бұл маңда осылайша бірнеше жылдардан кейін қайтадан қайнаған тіршілік жанданбақ. Бұл еңбек сабақтастығы. «Аудан облыста чемпион болса, біздің ауыл ауданда чемпион болуы керек. Күләнда апайдың табаны тиген, маңдай тері сіңген жерге егілген күріштің бітік шығарына сенемін. Біз Социалистік Еңбек Ері Күләнда апаймен көрші тұрдық. Өте еңбеккеш
еді. Адал еңбекті ту еткен ардақты тұлғаның жолын кейінгі буынға берсін!, – дейді серіктестік басшысы. Лайым, ақ көңілден туған алғаусыз ақ тілек қабыл болғай!
Біздің сапарымыз осы №7 бригада аумағынан қорытындыланды. 360-тан астам адам еңбек ететін іргелі серіктестіктің әр бригадасында осындай қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Әттең, оның бәрін аралап, бәрімен танысуға уақыт тығыз. Ең бастысы, еңбекпен еңсе тіктеген елді мекенде берекелі көктем жылдағыдай толымды тірлікке толы. Күрішшілердің еңбегі еш кетпей, ел қамбасының алтын дәнге толуына біз де тілектеспіз.
Үлкен жолдың бойымен жүйткіген көлік Тереңөзекке жақындағанда жол жиегіндегі билбордтар көрінді. Жол жиегіндегі билбортарға аудан әкімі Руслан Рүстемовтің тапсырмасына сәйкес ауданнан шыққан 2 Кеңес Одағының Батыры мен 7 Социалистік Еңбек Ерінің суреті ілінген. Сондай-ақ бір билборд Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевке арналған. Ел мақтанышына айналған тұлғалардың қажырлы еңбегінің ескерілуі патриоттық рух береді. Сырдариялық болғаныңды мақтаныш етесің. «Сыр елі – ырыс-құттың түпқазығы, Сырдария – алыптарға алтын бесік» деп өлең жолдарын қайталай бергің келеді...


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария аудандық
«Тіршілік тынысы» газетінің
Бас редакторы,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
02 мамыр 2020 ж. 907 0