80 жастағы қазақ ақсақалы Нью-Йорк марафонында топ жарып, чемпион атанды
Нью-Йорк марафонында 80-89 жас санатында чемпион атанған ақсақал Салтанат Түйтебаев елге оралды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.«Әлемде ең беделді саналатын 6 марафон бар. Олар Лондон, Бостон, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк және Токио қалаларында өтеді. Бұл бәсекеге тек жарна төлеп қана қатыса алмайсың. Арнайы уақыт нормативін орындауға тиіссің.»
«Мен Амстердамдағы трассада белгілі бір уақыт көрсеткішін тіркеп, Нью-Йорк марафонына қатысуға өтініш жібергенмін. Биыл 200 мың үміткер арасынан шақырту алдым. Өз карьерамда екінші мәрте Нью-Йорк марафонында жүгіру бақыты бұйырды», - дейді Салтанат Түйтебаев.
Ақсақал бұған дейін 2021 жылы да Нью-Йорк марафонына қатысып, 75-79 жас санатында күміс жүлде алған еді. Араға 4 жыл салып, ол 42,2 шақырымды 4 сағат 45 минут 56 секундта жүгіріп өтті. Осы нәтиженің арқасында Салтанат Түйтебаев 80-89 жас санатында топ жарды.
"2021 жылы әлемде пандемия болғанықтан, Нью-Йорк марафонына 30 мыңдай адамға қатысуға рұқсат беріліп еді. Осы жолы 55 мың адам бір мезетте жүгірді. Олимпиада және әлем чемпиондарымен, рекордсмендермен бірге жүгіру – үлкен мәртебе. Трасса өте ауыр болса да, жол бойы 2 млн-нан астам жанкүйер қызу қолдады", - дейді Салтанат Түйтебаев.
Жалпы 2025 жылғы Нью-Йорк марафонында Қазақстан атынан 44 спортшы қатысты.
Ал New York Marathon жүгірісінде ең егде қатысушы Жапониядан барған Коичи Китабатаке болды. 91 жастағы қатысушы марафон қашықтығын 7 сағат 25 минут 13 секундта еңсерген.










