Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз біргеміз! Біз жеңеміз!

Біз біргеміз! Біз жеңеміз!

Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы коронавирус ауруына байланысты ауданда атқарылатын маңызды жұмыстарды жариялады. Онда аудан басшысы тұрғындарды санитарлық шараларды қатаң сақтауға, талап пен тәртіпті толық орындауға шақырған.
Құрметті аудан тұрғындары!
Өкінішке қарай, коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі Қызылорда қаласы, Жаңақорған, Шиелі және Қармақшы аудандарында тіркеліп отыр. Осы орайда, қауіпті індеттің алдын алу, оның таралуына жол бермеу мақсатында қосымша шектеу шаралары қабылданатын болады. Бұл баршамыздан санитарлық шараларды қатаң сақтауымызды және енгізілген шектеуді орындап, тәртіпке бағынуымызды талап етеді.
Осы мақсатта:
1) 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап барлық бағытқа шығатын жолаушылар таситын аудан мен ауыл және кентішілік қоғамдық көліктердің (автобус, газель, жеңіл автокөлік такси қызметі) қатынасы тоқтатылады;
2) Сауда орындары мен дәріханаларда, мекеме ғимараттарында сатушылар мен қызметкерлер арнайы медициналық бетперде киіп жұмыс жасауы және залалсыздандыру құралдарының болуын қатаң бақылап, аталған нысандарға бетпердесіз кіруге жол берілмеуі тиіс;
3) Тереңөзек кентіндегі және ауылдардағы моншалар тоқтатылып, қоғамдық тамақтану орындары (кафе, асхана, донер) «Тұтынушыға жеткізу» қызметіне көшіріледі;
4) Санитарлық және залалсыздандыру шараларын арттыра отырып, сауда нысандары сағат 09.00 ден 21-00 ге дейін, халыққа қызмет көрсету саласындағы нысандар (сұлулық салондар, тігін шеберханалары, автомобиль майларын ауыстыру, вулканизация, көлік жуу бойынша қызмет көрсету орындары, ломбардтар) сағат 10.00 – ден 17.00 – ге дейін, азық - түлік емес заттар сататын орындарының жұмыстары сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істеуге шектеу қойылады;
5) 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 2020 жылғы 15 сәуір аралығында барлық балабақшалар жұмысы тоқтатылады;
6) Қауіпті індеттің алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында аудандық төтенше жағдай, аудандық ішкі саясат бөлімі мен Сырдария ауданы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы (келісім бойынша) кент пен елді мекендерде қоғамдық орындарды, көшелерді аралап, дауыс зорайтқыш құрылғылар арқылы тұрғындарға құлақтандыру, ақпараттық үн парақтар тарату жұмыстарын жүргізуде;
7) Аудандық емхана жанынан ашылған 10 орындық карантин орталығы қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі және төсек орнын арттыру қажеттілігіне қарай ұйымдастырылады. Бір реттік пайдаланылатын ыдыстармен тамақтандыру жағдайы қарастырылуы тиіс;
8) Емдеу мекемелеріне келген барлық пациенттерді медицина қызметкерлері қауіпсіздік шараларын сақтай отырып қабылдауы және карантин ережелерін бұзған жағдайда, құқықтық жауапкершілігін қарап, тиісті органдарға жедел ұсыныс беруге міндетті;
9) Нақтыланған корановирус инфекциясы тіркелген жағдайда эпидемиологиялық ақуалға байланысты үй жағдайында оқшауланатын адамдар, үй карантині ережелерін қатаң сақтаулары тиіс. Сонымен қатар, карантиндік, провизорлық және қосымша инфекциялық стационарларға тәулік бойы кезекшілік етуге полиция қызметкерлерін тарта отырып күзет қою ұйымдастырылады;
10) Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мен «Атамекен» ҰКП аудандық филиалымен (келісім бойынша) бірлесіп, кәсіпкерлерге жұмыстарын тоқтатуға байланысты уақытша жұмыссыз қалған қызметкерлеріне мемлекеттен берілетін өтемақы төлемін алу жолдарын түсіндіреді;
11) Аудандағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында аудан орталығы мен елді мекендер шегінде тосқауыл бекеттері орнатылады (қосымша тосқауыл бекеттерін қойылатын жерлер анықталған жағдайда олардың қажетті құрылғылармен жабдықталуы ұйымдастырылады);
12) Барлық елді мекендерде ата-аналар (тұрғындар) балалардың бақылаусыз жүрмеуін және үйде болуын қамтамасыз етулері тиіс;
13) Ауданның барлық елді мекендерінде отбасылық ас беру, жиын-тойлар тоқтатылуын сұраймыз. Төтенше жағдай кезінде белгіленген заң талаптарын сақтамағандарға қатысты қатаң түрде шара қолданылатын болады;
13) Аудандық полиция бөлімі (келісім бойынша) аудан аумағында қоғамдық тәртіптің сақталуын, қылмыстылықтың алдын алу шараларын қатаң бақылауға алады;
14) Барлық деңгейдегі басшылар мен төтенше жағдайға тартылған жауапты қызметкерлерге күнделікті жұмыс орнында және тәулік бойы ұялы байланыс телефондарының қосулы болуы тапсырылды.
Ел болып бір мақсатқа жұмылып, өтпелі кезеңнің сындарлы сәтін бірге еңсерейік, ағайын! Біз біргеміз! Біз жеңеміз, – делінген жазбада. 
01 сәуір 2020 ж. 966 0