Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары өткізілді

Коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары өткізілді

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылы 15 наурызда елімізге төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Осыған орай, қазіргі таңда ауданда коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары жүргізілуде. Жалпы, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аудан әкімі Руслан Рүстемовтің тікелей бақылауында.
Президент Жарлығынан туындайтын шараларды іске асыруға байланысты бүгін аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев жетекшілік жасайтын мобильдік топ Тереңөзек кентінде жолаушылар тасымалы қызметін ұсынушы кәсіп иелерімен және тұрғындар арасында індетке қарсы алдын алу шаралары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мұнан кейін сауда орындары мен балабақшаларда болып, індеттің профилактикасы мен оның таралуының алдын алу туралы кеңінен ақпарат берді.
Сонымен бірге аудандық Жастар ресурстық орталығы және Сырдария аграрлы-техникалық колледжі жанынан құрылған еріктілер коронавирус инфекциясының алдын алу және белгілері бойынша ақпараттық-танымдық материалдарды тұрғындарға таратып, халық көп шоғырланатын орындар, аялдамалар мен қоғамдық көліктерге жадынамалар орналастырды.

"ТТ"-ақпарат 

17 наурыз 2020 ж. 794 0