«Шақырған жерге барма...»
Халқымызда «Шақырған жерден қалма» деген аталы сөз бар. Бұл сөзді төтенше жағдай режимінде «Шақырған жерге барма» деп өзгертсек, еш әбестігі жоқ болар. Өйткені қауіпті індеттің алдын алудың ең тиімді жолы – үйде болу, яғни оқшаулану.
Біз бір ғасырда, бір қоғамда, бір уақытта өмір сүріп жатқандықтан қауіпті дертпен күресте бәріміздің ортақ ұстанымымыз болу керек. Ол ұстаным тәртіпке және тазалыққа негізделуі тиіс. Президент елдегі эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу мен болдырмаудың ең қарапайым жолы – тәртіпке бағыну мен тазалық сақтау екенін ашып айтты. Сондықтан әр адам жауапкершілікпен қарау керек.
Қазіргі таңда ел аумағында коронавирус індетінің таралуына қарсы қабылданған шешімдерді жүзеге асыру үшін Сырдария ауданында да қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.Сауда нысандары, дүкендер, мейрамханалар секілді халық көп жүретін орындар жұмыс уақытын қысқартып, дезинфекциялық шараларды күшейтті. Мұндағы басты мақсат – халықтың бір-бірімен қарым-қатынасын барынша шектеу арқылы вирустың таралуына жол бермеу.
Елдегі төтенше жағдайға және Сырдария ауданындағы санитарлық талаптарға байланысты аудандағы бірқатар мекеме жұмыс тәртібін өзгертті. «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымы да қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті.
Елді мекендерге кіруге уақытша шектеу қойылуына орай аудандық газеттің таратылуында іркіліс болуда. Бұл мәселе қиын кезеңде қабылданып жатқан шаралардан туындауда. Осыған орай оқырмандардың аудан жаңалықтарын және газеттің ПДФ нұсқасын электронды сайтымыздан (Tirshilik-tynysy.kz) оқуына толық мүмкіндігі бар. Сайт тәулік бойы жұмыс істейді. Бас директордың бұйрығымен қызметкерлер де онлайн форматта қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілді. Сондықтан бұл мәселеге, яғни газеттеріңіздің мекен-жайларыңызға келмей қалуына түсіністік танытуларыңызды сұраймыз.
Айта кетерлігі, газетті таратушы мамандар да өз жерлестеріміз. Олардың да үйден шықпай, талап пен тәртіпке бағынғаны дұрыс. Онлайн режимде өткен апталық жиналыста таратушыларға нақты тапсырма берілді, айлық жалақылары сақталатыны айтылды. Бүгінгі таңда біздің басты мақсатымыз – карантиндік режим талаптарын бұлжытпай орындау. Сондықтан оқырмандардан осы жағдайға барынша түсіністік танытып, ортақ талапқа бағынуды сұраймыз. Біз қиындықты бірге еңсереміз!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария аудандық
«Тіршілік тынысы»
газетінің Бас редакторы