Әр адам жауапкершілікпен қарауы керек
Әлемді алаңдатқан індет Қазақ елін де айналып өтпеді. Өкінішке орай елімізде коронавирус ауруына шалдыққан науқастар тіркелді. Бұл кезең –өте сындарлы кезең. Сондықтан әр адам елдегі төтенше жағдайға байланысты қабылданып жатқан шараларғажауапкершілікпен қарауы керек.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жасады. Үндеудің толық мәтінін ел газеті «Егеменнен» оқып, танысып шықтық. Елбасы үлкен қауіп-қатер алдында тұрғанымызды айтып, елді сабырлыққа, төзімділікке және тәртіпке бағынуға шақырды.
Елбасы өз Үндеуінде: «Біздің бірлігіміз – қазіргі қиындықты еңсерудің кепілі. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұдан да күрделі кезеңдерді бастан өткердік. Барлық ауыртпалықты жеңіп, әрдайым ортақ Отанымыздың гүлденуі жолында еңбек етіп келеміз. Осы жолғы сынақты да ел болып еңсереміз деп сенемін» деп атап өтті. Сондықтан елдегі төтенше жағдайға байланысты қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарағанымыз абзал. Түптеп келгенде, Елбасының және ел Президентінің шешімімен жасалып жатқан жұмыстар ел тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Дана халқымызда «Кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөз бар. Біз бір ғасырда, бір қоғамда, бір уақытта өмір сүріп жатқандықтан қауіпті дертпен күрестен бәріміздің ортақ ұстанымымыз болу керек. Ол ұстаным тәртіпке және тазалыққа негізделуі тиіс. Өйткені, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу мен болдырмаудың ең қарапайым жолы – тәртіпке бағыну мен тазалық сақтау.
Қазіргі таңда ел аумағында коронавирус індетінің таралуына қарсы қабылданған шешімдерді жүзеге асыру үшін Сырдария ауданында да қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сауда нысандары, дүкендер, мейрамханалар секілді халықтың көп жүретін орындар жұмыс уақытын қысқартып, дезинфекциялық шараларды күшейтті. Бұндағы басты мақсат – халықтың бір-бірімен қарым-қатынасын барынша шектеу арқылы вирустың таралуына жол бермеу. Сондай-ақ көптеген мекемелер жұмыс тәртібін өзгертті. «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымы да қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Сондықтан әр адам қазіргі жағдайды ескеріп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек. Елбасының үндеуінде айтылған әр сөзге мән беріп, қауіпсіздігімізге қалқан болатын талаптарды мүлтіксіз орындағанымыз дұрыс.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария аудандық
«Тіршілік тынысы»
газетінің Бас редакторы