Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус: Қармақшы және Шиеліде анықталған науқастар туралы мән-жай белгілі болды

Коронавирус: Қармақшы және Шиеліде анықталған науқастар туралы мән-жай белгілі болды

Қызылорда облысында 3 сәуір күнгі жағдай бойынша коронавирустық инфекцияны жұқтырған 28 науқас анықталды. Олармен барлығы 662 адам байланыста болған. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, – деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 28 науқас анықталды. Бүгін Қармақшы ауданында бір жағдай тіркелді. Ол – 1988 жылы туған әйел адам. Екінші жағдай Шиелі ауданында анықталды. Ол – 1994 жылғы әйел адам. Бүгінгі күні екеуі де аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына ем қабылдау үшін ауыстырылды. Екі азаматша да осы аудандарда қауіпті індетті бұрын жұқтырғандармен байланыста болған. Жағдайлары қанағаттанарлық. Олармен байланыста болғандардың саны – 662. Жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 237, потенциалды байланыста болғандар 425 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда осы байланыста болғандардан 25 адам правизорлық стационарға, 216 адам карантинге оқушауланды», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Басқарма басшысының айтуынша, Қызылорда облысына қауіптілік деңгейі 1 (А) елдерінен барлығы 20 адам келген. Оның алтауы – стационарға, 14 – үй карантиніне жатқызылған.
Сондай-ақ, өңірге қауіптілік деңгейі 1 (Б) елдерінен барлығы 159 адам келген. Оның алтауы – стационарға оқшауланса, 153 – үй карантиніне алынған.
«Бүгінгі таңда облыста анықталған коронавирустық инфекцияның барлық ошақтары толық залалсыздандырылды. Қауіпті індет анықталған 28 науқастың жағдайы нашарлаусыз, қанағаттанарлық күйде. Жаңадан анықталған ошақтар түгел залалсыздандырылды. Облыс тұрғындары арасында алдын алу жұмыстары жүргізілуде», – деді басқарма басшысы брифингте.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында Covid-2019 инфекциясын жұқтырғандар саны 28 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.
03 сәуір 2020 ж. 514 0