Қызылордада коронавирус жұқтырғандар саны 28 адамға жетті
Қызылорда облысында коронавирустық инфекция жұқтырғандар саны 28 адамға жетті. Соңғы екі оқиға Қармақшы және Шиелі аудандарында тіркелген, – деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
«Ауданда коронавирус инфекциясы нақтыланған 3 жағдай тіркелді. Науқастардың жағдайлары орташа, ауыртпалықта, емдерін толығымен алуда . Бұл науқастармен тығыз қарым-қатынаста болған және жақын туысқандары провизорлық стационарда және үй карантиніне оқшауланып, анализдер алынып, тексерілуде», – делінген Қармақшы аудандық ауруханасы Facebook-тегі парақшасында.
Мұндай жағдай дәл осы уақытта Шиелі ауданында да тіркелген.
«Өкінішке орай, Шиелі ауданы бойынша COVID-19 коронавирус инфекциясы бойынша 3-ші адам тіркелгендігін мәлімдейміз. COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған науқас осы күнге дейін карантинге жатқызылған азаматтар арасынан анықталды. Осыған орай, Шиелі кентінің тұрғыны болған науқастың
тұрған үйі мен үй айналасына және тұрғылықты көшесіне дезинфекция жұмысы жүргізілетіндігін хабарлаймыз. Науқаспен қарым-қатынаста болған азаматтардың барлығы карантинге жатқызылды, байланыста боғандар әлде де анықталатын болады», – делінген Шиелі аудандық ауруханасы таратқан хабарламада.