Жанашыр жастың жақсы ісі
Жақында аудан әкімі Руслан Рүстемов ауданның белсенді жастарымен кездесіп, жастар мәслихатының депутаттарына куәлік табыс еткен болатын. Ісі мен сөзі үйлескен жалынды жастардың қатарында тереңөзектік Ербол Сағынбайұлы да бар. Ол мәдениет саласының қызметкері.
Жастар мәслихатының депутаты Ербол Сағынбайұлы елдегі төтенше жағдайға байланысты өзі секілді жастармен бірге көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасады. Ол бұл игі ісі жөнінде аранйы видео түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп, өзге де жастарды қайырымды болуға шақырды. Осы ретте, жанашыр жастың пікірін білген болатынбыз.
– Қазақстанда төтенше жағдай жарияланған шақта халықты аурудан сақтандыру, ел азаматтарына қамқорлық көрсету – біздің міндетіміз. Осы орайда біз өзара жұмылып, «Біз біргеміз» акциясына өз үлесімізді қосып, қайырымдылықтың, адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп жатырмыз. Біз бұл қиындықтан да өтеміз. Ең бастысы, еліміз тыныш, халқымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!, - дейді ол.
Бүгінде бірнеше отбасына қуанытып үлгерген жанашыр жас жақсы істі жалғастырмақ ниетте. Өз кезегінде қайырымдылық көмекті сезінген отбасылар өз алғыстарын білдіріп жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ