"Өрлеу" – жастарға берілген сенім
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Р.Рүстемов ауданның талантты, дарынды, ізденімпаз 10 жасына «Өрлеу» жастар сыйлығын табыс етті.
Марапаттау шарасында аудан басшысы жастарды «Жастар жылының» қорытындылануымен құттықтады.
–2019 жыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл болды. Өйткені Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің кезекті Жолдауында оны – Жастар жылы деп жариялаған болатын. Елбасы әрқашанда жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы мәселе екені белгілі. Осы проблеманы жою үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», т.б. бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылуда.
Біздің Сырдариялық жастардың да тындырымды тірлігін атап өткен жөн. Олар қай салада болмасын алдыңғы шептен көрініп, аудан абыройын асқақтатып келеді. Дарынды жастарымыз жалындап тұрғаны қандай ғанибет. Ел сенімін ақтайтын жастарға әрқашан қолдау болады. Сондықтан жігерлі де, жалынды жастарды қолдай отырып, биыл жастар жылының қорытындысында "Өрлеу" сыйлығын тағайындадық. Сыйлық әр сала бойынша ең белсенді жастарға тапсырылатын болады, – деп ауданның 10 деген үздік жасты түрлі номинациясы бойынша марапаттады.
Мұнан соң Жастар жылы аясында аудан жастарына қолдау көрсетіп, ауылдарда "Жастар бригадасының" құрылуына қолдау көрсеткен бірнеше инвестор марапатталды. Олар "А.Тоқмағамбетов-Жер" ЖШС-нің төрағасы Меңдіғали Есжанов, "Мәді Қажы" ЖШС-нің төрағасы Сейткамал Сұлтанов, "Ақжарма – 2" ШҚ-ның төрағасы Марат Бисенов және "Орда" ЖШС-нің төрағасы Досхан Болатұлы.
Салтанатты шарада облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Гүлназ Айдарбекова ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жүрген жастарды жыл қорытындысымен құттықтап, бірнеше ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі әдіскерлерін марапаттады. Марапат иелерінің қатарынан Айдарлыдан Ө.Есболатов, Шіркейліден Р.Мұстапаев, Н.Ілиясовтан А.Мәлібекова, Ақжармадан А.Әбсаматова, А.Тоқмағамбетовтен Е.Нұрғалиев, С.Сейфуллиннен Б.Бекішов және кент мәдениет үйінің әдіскері Е.Сағынбайұлы мен Шіркейлілік белсенді жас Е.Әбілдаев көрінді.
Осылайша мемлекет тарапынан қолдауды сезініп келетін жастарға одан да зор жауапкершілік жүктелді. Олар ата-бабамыздың аңсап қол жеткізген Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауы тиіс. Бүгінгі ұрпаққа аманат етілген бейбіт күннің мәңгілік орнауы жолында әрбір Қазақстандық жас, оның ішінде Сыр бойылық жастар өздерін осы дәуірдің иесі ретінде сезінуі заңдылық.
Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы халыққа арнаған Жолдауында келер жылды "Волонтер жылы" деп жариялауы бекерден бекер емес. Бұл Жастар жылының заңды жалғасы. "Волонтер жылы" кезінде жастардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру маңызды болмақ. Бұл бастама азаматтық қоғамды қалыптастыру бағытындағы қызметтің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып, іске асатын болады.
Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының "Жастар гимнін" орындауымен, туған жер, Отан туралы ән айтумен және "Алға Қазақстаным" әнімен аяқталды.
Б.ЖАНӘЛІ