Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қашықтан басқару әдісімен мәжіліс өтті

Қашықтан басқару әдісімен мәжіліс өтті

Бүгін аудан әкімі Р.Рүстемовтің төрағалығымен видео байланыс арқылы кент және ауыл әкімдерімен мәжіліс өтті. Мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 15 наурызда елімізде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығына сәйкес, елді мекендердегі сақтық шаралары мен қоғамдық-саяси ахуал, кәсіпкерлікті дамыту, коммуналдық қарыздар, жер қатынастары мәселелері қаралды. Тиісінше, жиында кент және ауыл әкімдерінің хабарламалары тыңдалды.
Мәжілісте аудан әкімі елді мекендердегі балабақшалар, емхана мен дәрігерлік амбулаториялар, сауда, қоғамдық тамақтану орындарының санитарлық тазалығын қатаң бақылауға алуды және арнайы гигиеналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді, көпшілік жиналатын той, ас беру шараларын тоқтатуды жүктеді. Сонымен бірге жолаушылар тасымалдайтын барлық қоғамдық көліктерде санитарлық талаптардың сақталуына баса назар аударуды тапсырды. Осы ретте, кәсіпкерлерге, тұрғындарға төтенше жағдай кезінде белгіленген заң талаптарын сақтауға кеңес беруді міндеттеді.
Мұнан кейін жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы аясында «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде жоба ұсыну жағдайына тоқталып, межелі міндеттердің орындалуын, кәсіпкерлікті дамыту және жұмыспен қамту мәселесімен күнделікті жұмыс жасауды жүктеді.
Сонымен бірге мәжілісте коммуналдық қарыздар мен елді мекендерде жерді өз бетінше иелену, нысаналы мақсатына сай пайдаланылу жай-күйі қаралды.
Жиын соңында аудан басшысы бірінші тоқсан қорытындысымен барлық салалар бойынша көрсеткіштердің нәтижесі, орындаушылық тәртіптің жағдайы қаралатынын жеткізіп, аталған тапсырмалардың орындалуын қадағалауды аудан әкімінің орынбасарларына, аппарат басшысына жүктеді.
19 наурыз 2020 ж. 750 0