Медицина мамандары Гиппократ антына адал
Медицина саласының мамандары қай кезде де Гиппократ антына адал. Мұндай қатерлі вируспен күресте ақ халатты абзал жандар зор жауапкершілікті сезінеді. Бұған дейін де адамзат баласына қауіп төндірген түрлі індеттің таралуы көрініс тапты. Шындығында денсаулықты қорғауда гигиеналық тазалықты басты назарда ұстау керек. Дәрігерлердің кеңесіне жүгініп, адам көп шоғырланатын жерлерге бармаған дұрыс. Бүгінде әріптестерім күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде ұлт саулығына аса қауіп төнбейді.
Коронавирустың өршуі жасы ұлғайған адамдарға әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан дертке шалдықпас үшін иммунитетіміз қалыпты жағдайда болуы тиіс. Әрқашан жақсы тамақтанып, ауырған жағдайда медицина мамандарына жүгінген абзал. Қазіргі таңда әлемнің 140-тан астам елінде вирус тараған деген ақпар бар. Індетпен бетпе-бет келген дәрігерлерге сабырлылық пен табындылық керек. Бұл өтпелі кезеңде ақ халаттылар жігері жасымай мықтылық танытуы нағыз кәсіби маманға тән қасиет деп білемін. Вирустың белең алуына байланысты ел азаматтарын ақ халатты абзал жандарға қолдау көрсетуге шақырамын. Кәсібилігі жоғары ақ халаттылар кеселмен күресте қаймықпай ұлт саулығына дәнекер болады деп сенімді түрде айта аламын.
Шынтас ЗЕТОВ,
медицина саласының ардагері