ОҢДЫ ІСТЕР ОРЫН АЛУДА
“Басты байлық – денсаулық” дейді халық даналығы. Сондықтан аудан, кент тұрғындары ауданның денсаулық саласындағы оң өзгерістерге әрдайым ықылас білдіріп отырады десек артық айтпаймыз. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында редакцияға кент тұрғыны арнайы келді.
– Ауданның денсаулық саласы басшыларына газет арқылы ризашылығымды білдірейін деп едім, – дейді өзінің келу мақсатын түсіндірген Р.Доспанов. – Себебі мен сол емхана аумағында тұрамын. Жаңа басшының қызметкерлерге талап қоюының арқасында емханада көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Тәртіп бар жерде іс те алға басады. Іскер басшы жастарға сенім артуда. Сонымен қатар аудандық емхананың материалдық-техникалық базасы да жақсара түскен. Өрт қауіпсіздігі, кәріз жүйелері бұрынғыдан жақсы жұмыс жасайды. Әсіресе, соңғысының іркіліссіз іс атқаруы сол маңда тұратын адамдардың денсаулығы үшін де маңызды болып отыр. Халық денсаулығы үшін маңызды жұмыс жасап отырған ақ халатты абзал жандарды төл мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, үлкен абырой тілеймін, – дейді кент тұрғыны.
Біз бұдан кейін аудандық емхана бас дәрігерінің шаруашылық жөніндегі орынбасары Қ.Сүлейменовке жолықтық.
– Мереке қарсаңында ақ халатты абзал жандармен қатар шаруашылық қызметкерлерінің еңбегін бағалап, жарқын тілегін айтып жатқан кент тұрғынына алғысымыз шексіз. Аудандық емхананың шаруашылық саласымен бірге маған заңгерлік жүктелген. Себебі ауданның құқық қорғау саласында көп жыл еңбек еттім. Сондықтан жұмыс барысында еңбек тәртібінің, өндірістік ережелердің сақталуы қадағаланып, соған орай іс жүргізудеміз, – дейді заңгер.
“Цифрлы Қазақстан” бағдарламасына сәйкес ауданның медицина саласы интернет жүйесімен жұмыс жасап, дәрігерлердің тұрғындарды қабылдауы, ем жасауы осы жүйемен жүзеге асуда. Соның нәтижесінде бұрынғыдай ауру тарихын өзімен бірге алып жүрмейді науқастар. Бәрі компьютер арқылы атқарылады. Аудандық емханада соңғы жылдары бірнеше оңалту орталықтары ашылды. Бұл түрлі аурулардың алдын алуға үлкен ықпалын тигізіп отыр.
“Бәрін айт та, бірін айт” дегендей, дәрігерлердің тұрғындар саулығына жанашырлықпен қарап, оған қазіргі заманауи медицина жетістіктерін пайдалануы оңды істерге бастайтыны анық.
АЙДЫН