АУДАН МЕДИЦИНАСЫ БАҒАЛЫ БАСТАМАЛАРҒА ҰМТЫЛУДА
Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласына байланысты аудан көлемінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Медициналық қызметтің жақсаруы білікті мамандардың шоғырлануына, сапалы жұмыс түрін ұйымдастыруға барынша серпін береді. Елбасының Қазақстан халқына арналған Жол- дауында медицина саласына айқын бағыт – бағдарлар керектігі айтылған. Адами капиталды жаңғыртуға негізделген тың бастамалар дені сау ұлттың болашағына зор үлесін тигізеді. Сонымен қатар саламатты өмір салтын насихаттау барысында қазіргі медицинаның кері тартпа тұстары мен кемшіліктерін жойып, сапалы қызметтерге көшу қағидаттарын жүзеге асыру айрықша мәнге ие.
2017 жылы ауданымызда 848 нәресте дүниеге келіп, 2016 жылға қарағанда туу көрсеткіші мың адамға шаққанда 21,1-ден 23,4 пайызға көтерілген. Бұл дегеніміз аудан халқының демографиялық өсімі жоғары екендігін аңғартады. Осы ретте, аудан халқының саламаттылығына ақ халаттылар барынша қадағалау жасап, өзіндік аурудың алдын алудағы нақты жұмыстың бар екендігін аңғартады. Медицина саласында аудан бойынша жалпы санаттары бар 32 дәрігер жұмыс жасайды. Оның ішінде жоғары санаттысы 13, І санатты 15, ІІ санатты 4. Бұдан бөлек орта буын қызметкерлерінен 88 аяжанның санаттылығы бар. Медицина саласындағы айқын жұмыс күшіне иек артқан мамандар адам жанының арашасына айналып отыр. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру жоспарлы түрде жүзеге асады. Жергілікті тұрғындардың дәрігерлерге қаралу мүмкіндіктерін оңтайландыру мақсатында денсаулық сақтау басқармасының дәрігерлік аймақтағы халық санын 2200-ден 1800-ге дейін төмендету көзделген. Осы орайда, 2017 жылы 3 аймақ ашылып, әр аймаққа 1800 адамнан бекітілді. Бұл тәжірибе медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға үлесін қосады. Бұнымен қатар ақ халаттылар тұрғындардан қан айналым жүйесінен туындайтын сырқаттарды анықтап, профилактикалық шаралар жүргізген. Аймақтық дәрігерлер бақылауындағы азаматтар жиі-жиі тексерулерден өтіп тұрады.
Жолдауда онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылданып, ғылыми онкологиялық орталық құру қажеттілігі айтылады. Бүгінгі күні республика көлемінде ауру белгілеріне қатысты мамандар жұмыс жасау қабілетін арттыруға көңіл бөліп, тәжірибе алаңын құру басты назарға алынуы тиіс. Ауданда қатерлі ісік ауруларына көмек көрсетуді жетілдіру бойынша жол картасын жүзеге асыру барысында профилактикалық кабинеттер жұмыс жасауда. Әйелдерді қарау бөлмесінен 8031 азаматша тексеруден өтіп, ауру белгілері анықталғандары дәрігерлер қарауына жолданған. Сонымен қатар, жүктілік кезінде асқынуды төмендету мақсатында жүйелі жұмыстар қарқын алған. Ерте мерзімде анықталған ақауларды жоюға жұмыстар күшейтілген. Ең бастығы жас аналардың денсаулығын арттыруға арналған бөлек тіркеу бөлімі, жүру маршруты бөлек «жасыл дәліз» ұйымдастырылып, психолог, терапевт, кардиолог мамандары өздері келіп кеңес береді. Бұл дегеніміз қауіпті жағдайларды болдырмауға бағытталған жұмыстардың алғашқы сатысы.
Елді мекендердегі тұрғындардың денсаулығын тексеруге де білікті дәрігерлер тартылып, аудан орталығына жолданды. Ауруха- на бөлімшелері жаңа, заманауи технологиялармен жабдықталып, жаңа сервер іске қосылуда. Емделушілердің қолайлы ем қабылдауда заманауи озық үлгідегі технологияларды қолдану арқылы мамандар өлім-жітім көрсеткішін төмендетеді. Халыққа медицалық кеңестерді түсіндіру негізінде денсаулық мектептері жұмыс жасауда. Әр жас ерекшеліктеріне орай аурудың қоздырушы факторларының алдын алу мақсат етіп қойылған.
Жастардың денсаулығына аса мұқияттылықпен қарап, түрлі қатерлі аурулардан қорғау шара- ларын жүргізуге бетбұрыс жасау керектігі Жолдауда нақтыланғаны белгілі. Тұрғандардың басым көпшілігі жастарды құрайтыны мәлім. Ертеңгі ел келешегіне балта шаппас үшін жастарға медициналық қаралуды міндеттеуіміз керек. Онсызда жас ұлғайған сайын адам бойындағы кінәраттар неғұрлым көп анықталса, соған жұмсалатын шығын да көп болмақ. Сондықтан жастар арасында аурушаңдықтың алдын алу аса маңызды.
Жалпы ел көлемінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу кезең-кезеңімен жүзеге асады. Аудан бой- ынша аталмыш жүйеге дайындық жұмыстары нақтыланған. Тұрғындар әлеуметтік санаты бойынша алдағы уақытта да медициналық көмекке жүгінеді. Осы ретте мамандар жүйе жұмыстарын пысықтап, көпшілікке насихаттауда. Елді мекендерді аралап, қарапайым халыққа тиімділігін ұғындыруда. Бұл жүйеге көшу медициналық қызметті қолжетімді етеді, сапасын арттырады, науқастың медициналық мекемелерді таңдау құқығы ұлғаяды. Тұрғындар қалаған емханаларына жүгініп, денсаулығын жақсарта алады. Ауданның медицина қызметкерлері өткеннен сабақ ала отырып, серпінді істердің көшін жалғастырмақ.
Балтабай ОРДАБЕКОВ