Коронавирустың алдын алуға қауқарлы
Жақында аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы және аудандық арухананың «Індеттік кезеңде тұмау және басқа да жіті респираторлық вирусты жұқпалардың алдын алу шаралары» туралы біріккен бұйрығына сәйкес медицина саласының мамандары арасында семинар өтті. Оған аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Ж.Нұрсұлтанова, бас мамандары Р.Бимагамбетов, О.Сәрсембай, Г.Тұсмағанбетова, жетекші маманы А.Байтілеу, аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары С.Бакишова, медицина қызметкерлері қатысты.
Семинардың өтуіне басты себеп Қытай елінде таралған коронавирустың алдын алу шарасын пысықтау болып табылады. Бүгінде ел көлемінде жаппай адамдардың денсаулығын жіті қадағалау қолға алынған. Күн сайын вирустың таралу аумағы кеңейіп, өзге мемлекеттердің азаматтарына айтарлық қауіп төнуде. Осы ретте аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Ж.Нұрсұлтанова, дәрігер-инфекционист Г.Евниева, жастар денсаулығы орталығының маманы Г.Жаналиева, дәрігер-эпидемиолог Г.Баджанова медицина мамандарына кеңінен мағлұмат берді. Медициналық талаптарға сай күнделікті коронавирустардың белгілерін әр маман білуі тиіс. Айта кету керек, аталған вирус қарапайым суық тиюден басталады және ауыр жіті респираторлық синдром (SARS-CoV) сияқты ауыр ауруларды тудыратын вирустардың үлкен тобы. Жаңа коронавирус – бұл бұрын адамдарда анықталмаған жаңа штамм, ол жануарлардың ағзасында паразиттік өмір сүреді. Аурудың жасырын (инкубациялық) кезеңі 2-7 тәулік. Ауру кезінде дене қызуы көтеріледі, жөтел, демікпе пайда болады және тыныс алу қиындайды. Тұрғындар вирус көп ретте жануарлар, жарқанаттар, жыландар, борсықтар мен басқа жануарлар арасында байқалатынын білуі тиіс. Сонымен бірге вирустың концентрациясы жоғары болған кезде инфекцияның адамнан-адамға көбіне ауатамшы жолы арқылы берілуі мүмкін.
Бүгінде Қазақстан аумағында аталған вирус тіркелген жоқ. Дегенмен аталған дерттің таралуы көбейгендіктен аудандық емдеу, сауықтыру мекемелері инфекциялық аурулар тіркелген жағдайға дайын болу керектігі пысықталды. Жұқпалы ауруларға қосымша қаралған керует саны - 15, медициналық қызметкерлерге арналған жеке қорғаныш киімдері – 670, респираторлар N95 - 400, бір реттік перде – 10000, залалсыздандыру дәрі-дәрмектерінің қоры – 438 литр, 148725 таблетка түрінде жасақталған. Кез келген уақытта ауру белгілерінен күмән тудырған жағдайда әр адам жергілікті дәрігерге жүгінуі тиіс. Бұдан кейін науқасты әрі қарай тексеру шарасы жүргізіліп, тиісті жұмыстар атқарылады. Бастысы көпшілік шоғырланатын медициналық орындарда гигиеналық талап қатаң сақталуы керек.
Ал жүкті әйелдер арасындағы тұмаудың таралуы өзіндік ерекшеліктері, оның емі, вакциналаудың қажеттілігі жөнінде гинеколог Н.Нашуова ақпарат берді. Жүкті әйелдердегі тұмауды емдеуде қолданылатын шараларды жан-жақты түсіндірді. Бастысы жүктілік кезеңде денсаулыққа бей-жай қарамау керектігі айтылды. Сонымен бірге вирустың өршу қаупі туындаған жағдайда алғашқы медициналық көмектің бағытын ұйымдастыру тетігі сараланды.
Қазіргі таңда коронавирустың таралу жеделдігі тұрғындар арасында қызу талқыға түсіп жатқаны белгілі. Осы орайда қоғам мүшелері жаппай бір реттік бетперде тағуда. Ал облыс көлеміндегі дәріханалар бетперде бағасын бірнеше есеге көтеріп, қолайсыздық тудырған. Өз қалтасының қамын ойлаған кәсіпкерлердің бұл әрекеті құптарлық жағдай емес. Әлемде белең алған кеселмен күресте мұндайға әсте жол беруге болмайды.
Күн сайын елімізде коронавирустың өзге мемлекетте анықталып жатқандығы жөнінде тұрғындарға ақпараттар тарап жатыр. Шетел азаматтарының елге келуі басты назарға алынып, денсаулығы тексерілуде. Елден шыққан адамдар күнделікті бақылауда. Бастысы аудан медицинасы кеселдің алдын алуға қауқарлы екеніне сеніміз мол.
Балтабай ОРДАБЕКОВ