Әлеуметтік дертпен күрес тоқтамайды
Туберкулезге қарсы дүниежүзілік күрес күніне орай аудан көлемінде айлық жоспар бекітілген. Аталған жоспарға сәйкес бірнеше ауқымды шара ұйымдастырылып, медицина мамандары тарапынан жергілікті тұрғындар арасында түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Бұл ретте Жетікөл ауылында аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы және амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасы мамандарының ұйымдастыруымен «Туберкулезге қарсы күреске өз үлесімді қосатын уақыт келді» тақырыбында акция өтті.
Акция барысында ауыл тұрғындарына туберкулез дертімен күрестің басым-бағыттары айтылды. Көпшілік арасында белең алған туберкулезге байланысты сақтық шарасы қолға алынды. Өз кезегінде фтизиатр дәрігер А.Ибраймова аурудың таралу ошағын зерделеп, дерттің сыртқы және ішкі құрылымын түсіндірді. Жастар денсаулығы орталығының дәрігері Д.Алашбаева, тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының маманы Ұ.Нұрбаева, Г.Тұсмағанбетова, амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының фтизиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Л.Ибраймова туберкулез дертімен күрес жолдарын айтты. Қазіргі таңда ауданда анықталған аурушаңдық белгілерін емдеу шарасына тоқталып, түпкілікті жазылуға жағдай жасаудың негізгі амалдарын пысықтады. Мамандардың айтуынша, аталмыш дерт күннен-күнге жасарып келе жатыр. Жас мөлшеріне қарамастан адам денсаулығына кері әсерін тигізетін кеселдің негізгі белгілерін сала мамандары атап көрсетті. Сонымен бірге туберкулезге шалдыққан жекелеген азаматтардың әлеуметтік жағдайы бақылауда болу керектігі ескертілді.
Акцияда ауыл өнерпаздары мен мектеп оқушылары дертпен күрес жөнінде көрініс қойды. Арнайы өлең оқылып, ән айтылды. Жастар биін билеген өнерпаздар ауыл тұрғындарын саламатты өмір салтын ұстануға шақырды. Арнайы қабырға газеттерінде туберкулездің түпкі тарихы жайында көпшілікке ақпарат берілді. №174 орта мектеп жанындағы бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Жүнісов ауылда халық денсаулығын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан шараларды айтты. Туберкулез дертімен күресте ауыл тұрғындары белсенділік танытатындығын жеткізді. Ұлт саулығының негізгі бағыты ауылда жүзеге асса, аурушаңдық деңгейін төмендейтіндігін тілге тиек етті. Жеке кәсіпкер Ж.Бәйменова бүгінде туберкулез дертімен күресте көпшілік жұмыла жұмыс жасау керектігін айта кетіп, ақ халатты абзал жандардың жұмысына сәттілік тіледі.
Шара соңында акцияда белсенділік танытқан жастар марапатталды. Жекелеген азаматтарға белсенділігі үшін арнайы сыйлық табысталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ