Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоқыс алаңы көбейіп кетпесін

Қоқыс алаңы көбейіп кетпесін

Газетіміздің №17 санында аудан елді мекендерінде сани­тарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру іс-шараларының екі айлығын өткізу туралы аудан әкімі Р.Рүстемовтің өкімін жариялаған болатынбыз. Аталған өкімге сәйкес Тереңөзек кентінде санитарлық тазалықты сақтауды қамтамасыз ету мақсатында әр аптаның сәрсенбісінде арнайы рейд жұмысын бастады. Жұмысшы топ құрамында тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы М.Ерімбетова, кент әкімдігінің әдіскері Д.Смайлов, учаскелік полиция инспекторы Т.Серікбай болды.
Рейд жұмысы барысында сала мамандары кенттегі Нағи Ілиясов көшесіндегі заңсыз қоқыс алаңына барды. Бірнеше жылдан бері тоқтаусыз қоқыс төгіліп келе жатқан аумақтың қазіргі күйі көңіл көншітпейді. Жыл өткен сайын қоқыс төгу жиілеп барады. Тұрғындардың айтуынша, түн мезгілінде бөтен көлікпен келетін аудан тұрғындары қоқыстарды осында тастайды. Жұрт қалың ұйқыға кеткенде жүк көлігі немесе жеңіл автокөлік тізгіндейтін жергілікті тұрғындар қоқысты үйреншікті жеріне әкелетін көрінеді. Бұған дейін біз бірнеше рет көтерген заңсыз полигонды тазарту жұмысы қолға алынып, арнайы бейнебақылау орнатылса игі. Сонда ғана көше тұрғындары мен сырттан келген азаматтар заңсыздыққа жол бермес еді. Келесі кезекте кент көшелерін аралаған сала мамандары бірқатар қоқыс төгілген жерлерді анықтады. Мәселен, кенттің күретамырына айналған «Майжарма» арнасының бойында орналасқан тұрғын үйлердің маңайынан жыл бойы жиналған қоқыс немесе мал көңі көптеп кездеседі. Өз кезегінде тұрғындарға ескерту беріліп, алдағы уақытта тазаланбаған жағдайда айыппұл салынатындығы ескер­тілді.
Кенттің орталығында орналасқан А.Әли­ак­баров, О.Абдулпаттаев, Тоғанас батыр көшелерінің бойынан болашақта заңсыз қоқыс төгу алаңы қалыптасуы ықтимал. Оған себеп те жоқ емес. Көше тұрғындары күнделікті аяқ су жүретін арыққа жол жиегіне полиэтилен қалтаға салынған тұрмыста пайдаланылған қоқысты тастауды әдетке айналдырған. Мұндай заңсыздық жақын арада қалыптаспаған. Үйінің жанындағы қоқысты біренеше рет тазартқан көше тұрғыны О.Абдулпаттаев көшесіне бейнебақылау орнату керектігін жеткізді.
Айта кету керек, С.Усабаев көшесінің тұрғындары ұйымшылдық танытып, сен­білік ұйымдастырған. Қыс маусымында жина­қ­талған қоқысты тазартып, арнайы техника көмегімен заңды қоқыс алаңына апарып тастаған. Кент тұрығындары мұндай игі бас­таманы жалғастырса, тазалыққа қатысты мәселе туындамайды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 

14 наурыз 2020 ж. 628 0