Ауыл тұрғындары аяқсу мәселесінің шешілгеніне дән риза
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Сырдария ауданында өз нәтижесін бере бастады. Тұрғындар тарапынан көтеріліп, жергілікті атқарушы билікке айтылған ұсыныс-пікірлерді орындау ауданда жүйелі жолға қойылған. Бұл көп мәселенің оңтайлы шешілуіне тікелей әсер етуде.
Айдарлы ауылы аудан орталығынан ең шалғай орналасқан елді мекен. Ауылдық округте 308 отбасында 1750-ге жуық тұрғын тұрады. Алыс ауылдың ең өзекті мәселесі – «Ақтам» каналы арқылы келетін аяқ судың бір жүйеге келтірілмеуі. Яғни, каналдың сағасы бітеліп, арнасы тарылып қалған. Бұл бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе екенін көпшілік жақсы біледі.
Өткен жылдың күз айында аудан әкімі Руслан Рүстемовтің ауыл тұрғындарымен көшпелі кездесуінде де осы мәселе көтерілген болатын. Ауыл ақсақалдары аяқсу мәселесі шешілсе, тұрғындар егін егіп, кәсіппен айналысатынын айтып, жергілікті атқарушы биліктен қолдау көрсетуді сұраған еді. Сонымен қатар ауылдың бірқатар тұрғыны облыс әкімінің қабылдауында болып, тиісті жауап алған. Осыған орай облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен 28,9 млн теңге қаржы қаралып, жуырда «Ақтам» каналын тазарту жұмыстары басталды. Өткен аптаның жұмасында аудан әкімі Р.Рүстемов орынбасары Б.Лекеровпен бірге елді мекенге арнайы барып, каналды тазарту жұмыстарының барысымен танысты.
«Ақтам» каналының басынан аудан басшысын ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімхан Баһадүров пен ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Қожахмет Сүйіндіков күтіп алды. Ақсақалдар бұл маңға екі күнде бір келуді әдетке айналдырыпты. Мақсат – жұмыстардың сапалы жүргізілуін көзбен көру, мердігер мекеме өкілдеріне ағалық ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беру.
– Халқымызда «Қуаныштан бөркімді аспанға аттым» дейтін сөз бар ғой. Біз де каналды тазарту жұмыстары басталған бөркімізді аспанға аттық. Бұл бірнеше жыл қатарынан айтып, жауыр болған мәселе еді. Биыл облыс, аудан әкімдерінің қолдауымен шешімін тапты, – дейді ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Қожахмет Сүйіндіков бізбен әңгімесінде.
– Тұрғындар өтініші аяқсыз қалмағанына қуанамын. Су – тіршілік нәрі, берекенің бастауы. Ауылға аяқ су келсе, тұрғындар егін егеді. Өнімді сатып алмайды. Сонымен бірге аяқсудың болуы экологиялық мәселенің реттелуіне де әсер етеді, – деген ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы ауыл үшін маңызды мәселенің шешілуіне ықпал еткен аймақ басшысына алғысын білдірді.
Каналды тазарту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме «Сириус Строй» ЖШС директоры Шазатхан Құлтаев бүгінде каналдың 400 метр жері тазаланғанын, жұмыстар белгіленген уақытта аяқталатынын жеткізді. Бұл бағытта екі бульдозер, бір экскаватор және 8 маманнан құралған арнайы бір бригада жұмыс істеуде.
– Мекемеміздің канал қазуда мол тәжірибесі бар. Жоспарлы жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Ауыл ақсақалдарының да ұсыныстарына құлақ асып, бірлесе жұмыс жасап жатырмыз. Ауылға аяқсу әкелу бір жағынан сауапты іс. Сондықтан қызметкерлер жауапкершілікпен қарап, өз міндеттерін адал атқаруда, – деген серіктестік басшысы каналдың арнасы тарылып, сағасы әбден бітеліп қалғанын жасырмады.
Өз кезегінде аудан әкімі Р.Рүстемов каналды тазарту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме қызметкерлерімен пікірлесіп, ауыл үшін аяқ судың өте маңызды екенін айтты. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеровке, ауыл әкімі А.Ержановқа аяқсу мәселесі шешілгеннен кейін елді мекендегі егін егу жұмыстарын жандандыру бағытында бірқатар міндет жүктеді. «Ақтам» каналының сағасынан бастап жаяу аралаған аудан басшысы мердігер мекеме жұмысын оң бағалап, қызметкерлердің жұмыстарына сәттілік тіледі. Ауыл тұрғындарының атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімхан Баһадүров аудан әкіміне алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Айта кету керек, «Ақтам» каналы қазылып, ауылға аяқ су келсе, 100 га жоңышқа, 60 га бақша дақылдары, 20 га картоп және 5 га көкөніс егілмек. Тұрғындардың бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселесінің оң шешімін табуы аудандағы ең шалғай ауыл үшін өте тиімді болмақ.