Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп...»

«Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп...»

Дана халқымызда «Келген жеріңнің биігіне шық, елінің үлкеніне жолық» деген нақыл сөз бар. Хәкім Абайдың «Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп, Жүрмесін деп, аз ғана сөз шығардық» деуі халық тағдырына, ел болашағына, оның бірлік-тұтастығына, ауызбіршілігіне зор жауапкершілікпен қарағандығынан туындаған. «Абай – темірқазық, ұлттың рентгені» деп күні кеше пайымды пікір айтқан аудан әкімі Руслан Рүстемов бүгін ақсақалдармен бас қосып, пікірлесті.
Дөңгелек үстел басына жиналған қазыналы қарттармен ашық әңгіме өрбіді. Атқарылған жұмыстар айтылып, алдағы жоспарлар жөнінде мағлұмат берілді. Бұл аудан басшысының үлкенді сыйлауы, олармен кеңесуі, қай істі бастаса да ақылдасуды жөн көруі деп қабылдадық.
– «Кеңесіп пішкен тоң келте болмас» деген. Бүгін сіздерге соңғы уақытта атқарған жұмыстарымызды айтып, ой бөліссек деп жоспарладық. Бір жағынан алдағы жоспарларымыз жөнінде әңгіме өрбітпекпіз, – деп бастады аудан әкімі.
«Аудан өткен жылды жемісті қорытындылады. Барлық салада даму, өсу бар. Бұл бірлесе атқарған жұмыстың жемісі. Оның ішінде аға буын өкілдерінің бағыт-бағдарымен атқарылған жұмыстар да аз емес. Алдағы уақытта да сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бойынша жұмыс жасаймыз. Ардагерлердің өмірлік мол тәжірибесі, ақылы біз үшін қай кезде де керек. Ардагер сөзінің түбірінің өзі қазыналы қарттардың біз үшін ардақты, сыйлы, құрметті екенін айшықтап тұр. Біз, әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпақтарымыз, – деген аудан басшысы аға буын өкілдеріне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кең көлемді ақпарат берді.
Кездесу барысында Елбасының және Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы билік өкілдеріне қойып отырған маңызды міндеттерінен туындаған тапсырмаларды жүзеге асыру бағытында қолға алынған жұмыстар айтылды. Оның ішінде облыс әкімінің іс-қимыл жоспарында көзделген жоспарлы жұмыстар да бар. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар назардан тыс қалмайды. Бірақ барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес. Оған бюджеттің де мүмкіндігі келмейді. Сондықтан аудандағы мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі. Мысалы, биыл соңғы он бір жылдан беру жөндеу көрмеген Тереңөзек кентіндегі орталық алаң жөнделсе, келесі жылы Аманкелді Иманов көшесі түгел абаттандырылмақ. Тұрғын үймен қамту, жол жөндеу бағытында да атқарылатын жұмыстар аз емес. Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектептердің әжетханаларын ғимарат ішінде орналастыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұның бәрі аудан әкімдігінің жіті бақылауында. Осы және басқа да мәселелерге кеңінен тоқталған аудан басшысы ағымдағы жылы да нәтижелі жұмыстар жалғаса беретінін айтты.
Басқосуда азаматтықтың ақ туын жықпаған ардагерлердің атынан сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы аудан басшысының бастамаларына сәттілік тілеп, тілектестігін білдірді. Сонымен бірге көпті көрген қазыналы қариялар ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалайтындарын жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімі Руслан Рүстемов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келе жатқан ардагерлерге үлгі болар өнегелі істері үшін алғысын білдірді.
27 ақпан 2020 ж. 448 0