Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тапсырмалар толық орындалуы тиіс

Тапсырмалар толық орындалуы тиіс

Аудан әкімдігінде ағымдағы жылдың алғашқы аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімі Руслан Рүстемов қатысып, алты мәселе бойынша сала басшыларының атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.
– Өткен жылы ауданның жеткен жетіс­тігі мен бағындырған белесі көп болды. Алдағы уақытта да ауданда атқаратын істер жетерлік. Осыған орай аудан аумағындағы барлық мекеме, бөлім басшыларын бірлесіп, жүйелі, нәтижелі жұмыс жасауға шақырамын, – деп бастады мәжілісті аудан басшысы. Мұнан соң күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып, талқыланатын тақырыптардың ауқымдылығына байла­нысты хабарламашыларға қысқа әрі нұсқа және нақты баяндауды тапсырды.
Ең алдымен, 2020 жылға арналған қоғамдық-саяси маңызды шараларды атап өту жоспары туралы аудандық ішкі сая­сат бөлімінің басшысы А.Мырзахметова хабарлама жасады. Бөлім басшысы аудан бойынша қоғамдық-саяси маңызды шара­лардың күнтізбелік жоспарына 85 шара енгізілгенін, оның 1-і халықаралық, 3-і рес­пуб­ликалық, 6-ы облыстық, 75-і аудандық деңгейдегі іс-шара екенін айтты. Сонымен қатар Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдығы, Н.Ілиясовтың 100 жылдығы, С.Сейфуллин ауылы құрылғанының 45 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы ауданда кең көлемді аталып өтілетінін жеткізді. Мұнан бөлек атаулы даталар мен мерейтойлық іс-шаралар назардан тыс қалмайды. Оның ішінде «Еріктілер жылына» байланысты өткізілетін түрлі қайырымдылық, спорттық, мәдени көпшілік шаралар бар. Сондай-ақ биыл жас кәсіпкерлердің аудандық форумы, №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің ғасырлық мерейтойы өткізілмек. Жоспарға енген шаралар өткізілуі бойынша мерзімінде аудандық газет және әлеуметтік желілер, облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттандырылмақ. Бұл ретте аудан басшысы 2019 жылға арналған қоғамдық-саяси маңызды шара­лардың жоспарын орындауда қандай кемші­ліктер орын алғанына талдау жасау­ды және биыл ұйымдастырылатын іс-шара­лардың сапалық мазмұнына мән беруді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы» шеңберінде ауданда 2019 жылдың қоры­тындысымен атқарылған жұмыстар жөнін­де аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Е.Ахетов баяндады.
– Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес аудан бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарына 2307 шағын және орта кәсіпкерлік субъекті  тіркеліп, оның  ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2107 болды. Өткен жылы 447 кәсіпкерлік субъектісі тіркелді.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша құны 462,1 млн теңгенің 156 жобасы кеңестің оң шешімін алды. Жобалардың басым бөлігі мал басын көбейту, мал бордақылауға бағытталған, – деген бөлім басшысы  «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында ауданда 218, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 230 және «Жас кәсіпкер» жобасы негізінде 110 азамат оқытылып, сертификат алғанын атап өтті. Бұл мәселе бойынша жоспарлы жұмысты дұрыс үйлестірмеген ауылдар да бар. Аудан әкімі Іңәрдария, Жетікөл ауылдарындағы жұмысты сынға алып, ауыл әкімдеріне жұмысты ширатуды міндеттеді. Сондай-ақ кент және ауылдық округтердің әкімдеріне «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының субсидиялау тетігі бойынша қаржы ұйымдарына І тоқсанның соңына дейін кемінде 3 жобаның ұсы­нылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мәжілісте қаралған үшінші мәселе жы­лу беру маусымының өту барысы мен коммуналдық қарыздарға арналып, аудандық тұрғын үй коммуналдық шар­уа­шылық, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияров хабарлама жасады.
– Ауданда 80 әлеуметтік нысан бар. Бүгінгі күнге барлық нысандағы бу қазандығы ақаусыз жұмыс жасауда және жеткілікті көлемде отын қорларымен қамтамасыз етілген. Әлеуметтік-мәдени ны­сан­дардың жылытылуы бөлімнің тұрақты бақылауында. Кент және ауылдық округі әкімдері арқылы жылу беру маусымында кезекшілік ұйымдастырылуда. Бүгінгі күнге «Углесбыт» ЖШС базасында 200 тонна «Екібастұз», 150 тонна «Шұбаркүл», 150 тонна «Қаражыра», «Нұрдәулет» ЖШС базасында 300 тонна «Шұбаркүл» көмірі бар және еркін сатылуда. «Шиелі Жарығы» мекемесінің 2020 жылдың 1 ақпанында берген мәліметіне сәйкес, аудан бойынша электр энергияға берешек қарыздардың көлемі 20 273 519 теңгені құрап отыр. Бұл ағымдағы қарыздар, бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің қор­да­ланған қарызы жоқ, – деген бөлім бас­­шы­сы қарыздардың қалыптаспауын ұйымдастыру бағытында мекемелермен тиісті жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Аудан басшысы әрбір әлеуметтік нысанның жылытылуы мен жылу беру маусымының кедергісіз өтуі тікелей кент және ауылдық округі әкімдерінің, мекеме басшыларының жауапкершілігінде екенін ескертті. Әсіресе білім, денсаулық сақтау саласы бойынша кемшіліктерге жол берілмеу керектігін атап өтті.
Тапсырма орындалуымен құнды екені анық. Тапсырма уақытылы орындалса, мәселе де уақытылы шешіліп, арыз-шағым азаяды. Сондықтан облыс және аудан әкімі тарапынан мәжілістер мен жиналыстарда берілген барлық тапсырма мерзімінде және сапалы орындалуы қажет. Атап өту керек, өткен жылдан бастап облыс әкімі аппаратынан хаттамалық тапсырмаларды бақылау жөнінде арнайы сектор ашыл­ды. Өз кезегінде аталған сектор тара­пынан хаттамалық тапсырмалардың орын­далуына тұрақты түрде талдау жүр­гізіліп, нәтижесі бойынша нақты шара­лар қабылданады. Бұл мәселенің маңыздылығына байланысты толық орын­далмаған тапсырмалардың себебі мен салдарын аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы Г.Қонақбай баяндады.
– 2019 жылы аудан әкімі аппаратына облыс әкімінің төрағалығымен өткізілген мәжілістер және комиссия отырыстарының 47 хаттамасы келіп түскен. 47 хаттамада барлығы 256 тапсырма беріліп, олардың орындалуы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауына алынған. Тапсырмалардың орындалу барысына жүргізілген талдау нә­ти­жесінде аудан бойынша 181 тап­сырманың орындалғаны, 74 тапсырманың орындалу үстінде екені және 1 тапсыр­маның орындалмағаны белгілі болды. Атап айтқанда, облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысының хаттамасымен NEET санатына жататын жастардың дерекқорын жасақтау, нақты са­нын шығару бойынша берілген тапсыр­маны орындауға жауапты тұлғаның тәртіптік жауапкершілігін қарау тапсырылған. Дегенмен, облыс әкімдігі тарапынан аталған тапсырма бақылаудан алынбай тұр. Бұл аудандық ішкі саясат бөліміне және «Жастар ресурстық» орталығына тапсырылған. Орындаушылық тәртіпті күшейту мақсатында қосымша шаралар, оның ішінде мекеме басшыларының тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде нақты шешім қабылдауды ұсынамын, – деді Гауһар Темірбекқызы.
Өткен жылы комиссия отырыстарын қоспағанда аудан әкімінің төрағалығымен 14 мәжіліс өткізілген және берілген 185 тапсырма орындалған және 91 тапсырма орындалу үстінде. Қалған 4 тапсырма бойынша мәлімет ұсынылмаған. Аудан әкімі тапсырмалар толық орындалуы тиіс екенін аппарат мәжілісіне қатысқан барлық мекеме басшысының назарына салды. Бұл бағытта олқылыққа жол берген басшыға қатаң шара көрілетінін, меншік түріне қарамастан барлық мекеме басшысына қажет болса тиісті ұсыныстар енгізілетінін ескертті.
Күн тәртібіндегі бесінші мәселе 2020 жылы мемлекеттік сатып алу туралы заңына енгізілген өзгерістерге және мемлекеттік сатып алу бөлімінің ағымдағы жылы атқаратын жұмыстарына арналды. Аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы М.Канибаев заңдағы өзгерістерді түсіндіріп, алдағы уақытта әдістемелік семинар өткізілетінін атап өтті. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары бойынша жіберілген кемшіліктерге мекеме басшылары жауапты екенін айтты. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі 2020 жылға айқындалған бірыңғай ұйымдастырушылардың жұмысын жандандырып, жоспарланған мемлекеттік сатып алулардың мерзімінде жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Соңғы мәселе алдағы айда аталып өтілетін мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру жөнінде өрбіді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мырзахметова мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев хабарлама жасап,  ұйымдастырылатын іс-шаралардың сценарлық жоспары жөнінде ақпарат берді. Аудан әкімі мерекелік іс-шаралар жалпы халықтың бірлігін нығайтуға, қоғамдық келісімнің салтанат құруына, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуге бағытталуы керек екенін айтты. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, қайырымдылық көмек көрсетудің маңыздылығына назар аударды. Осылайша, аппарат мәжілісіндегі алты мәселе кеңінен талқыланып, тиісті тапсырмалар беріліп, орындалуы бақылауға алынды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 

22 ақпан 2020 ж. 625 0