Халық санағы қалай өтеді?
Биылғы халық санағының ерекшелігі неде? Биыл халық санағы қазан айының 1-і мен 30-ы аралығында жүреді. Оған дейін дайындық пысықталады. Ауқымды шараға бюджеттен 8 миллиард теңге бөлінген. Елімізде үшінші рет жүргізілгелі отырған халық санағының биылғы ерекшелігі – электронды түрде өтеді, – деп хабарлайды www.ktk.kz
Жалпы санақ қашан басталады және қалай өтеді?
Қағаз-қалам болмайды. Барлығы электронды түрде. Ол үшін миллиардтан астам теңгеге 27 мың планшет сатып алынған. Биылғы санақтың бір ерекшелігі осы. Екіншісі, санақшының көмегінсіз, үйде отырып-ақ, арнайы сайтта өз бетіңмен мәлімет толтыруға болады.
Нұрболат Айдапкелов, Статистика комитетінің төрағасы:
- Арнайы интернерт сайтқа кіріп, әркім, әр адам өз бетімен толтыра алады. Ол өте ыңғайлы. Неге десеңіз, көп адам үйіне кіргізгісі келмейді.
Айта кетерлігі, алдыңғы санақ мәліметі бұрмаланды деп мамандардың сынына қалып еді. Белгілі демограф Мақаш Тәтім сол санақ қорытындыларының сараптамалық материал ретінде қолдануға жарамай қалғанын ақпарат көздерінде ашық айтты. Статистика комитеті енді оған жол бермеудің қамына кіріскен.
Нұрболат Айдапкелов, Статистика комитетінің төрағасы:
- 2009 жылы болған санақтың бүкіл қателігін ескердік. Қазіргі санақ, біз ойлаймыз, барлық талаптарға сәйкес. Ақау болмауы керек. Планшеттің ішінде контейнер болады. Соның ішінде сақталынады. Оны ешкім бұза алмайды. Оны ары қарай өзіміздің арналар арқылы орталық серверге жібереміз.
Ал Статистика комитетінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаева өткен санақта 700 миллион теңгеден астам бюджет ақшасын жымқырды деп айыпталып, төрт жыл өмірін абақтыда өткізіп, алдыңғы жылы ғана бостандыққа шықты. Бұл жолы комитет мемлекеттік сатып алудан басын арашалап алған.
Нұрболат Айдапкелов, Статистика комитетінің төрағасы:
- Біздің статистика комитетінің жұмысшылары мемлекеттік сатып алу процесіне қатыспайды. Электронды түрде бүкіл сатып алулар жүргізіледі. Біз өзімізге қандай нәрсе керек, соның талаптарын береміз. Ары қарай жүйе кім ұтып алды, соны бізге береді. Біз сонымен келісімге отырамыз, ары қарай жұмыс істейміз.
Статистика комитеті 2009 жылы әрбір қазақстандықты санауға 2 доллар 90 цент кетсе, бұл жолы небәрі 1 доллар 20 цент болады дейді. Алайда жалпы бюджетке келгенде биылғы науқанға 8,2 миллиард теңге, яғни, алдыңғыдан 2 миллиард теңгеге жуық артық жұмсалмақ. Оның 3,7 миллиарды жалақыға беріледі.
11 жыл бұрынғы санақта халық саны 16 миллионнан сәл ғана асқан болатын. Әзірге Статистика комитетінің сайтында 18 жарым миллионға жуықтап тұрмыз. Ал республикалық науқанның әуелгі мәліметтері желтоқсанда жариялана бастайды да, соңғы толыққанды қорытындысы 2022 жылы белгілі болады.