Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сіз науқанға дайынсыз ба?

Сіз науқанға дайынсыз ба?

Биыл еліміз үшін маңызды нау­­қандардың бірі саналатын – х­алық санағы өтетіні белгілі. Он жылда бір рет өтетін санақ ел Тәуелсіздігін алғалы бері үшінші мәрте өткізілмек. Қазақстан Үкі­меті 2019 жылдың 19 маусымында «2020 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасы халқының ұлттық са­нағын өткізу туралы» қаулы қабыл­дады. Бұған мемлекеттік қа­зынадан 8,2 млрд теңге жұм­салады.
іnformburo.kz порталы әзірлеген мәліметте жалпыұлттық санаққа байланысты көптеген сұрақтардың жауабы бар. Порталда жалпы бұл санақтың алдыңғылардан қандай ерекше­ліктерінен бастап, мемлекет қаражаты қалай жұмсалатыны тарқатып көрсетілген.
Ең алдымен халық санағының екі ке­зеңде өтетіндігі айтылған. Оның біріншісі: 1-30 маусым аралығы. Бұл мерзімде санақ жүргізушілер әрбір елді мекендегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайын, онда тұратын адамдардың нақты санын анықтайды. Жекелеген ғимараттарды жергілікті картаға енгізу де осы кезеңге тиесілі. Ал екінші кезең – 1-30 қазан аралығы. Бұл мерзімнің алғашқы 15 күнінде интернет арқылы сауал жүргізіледі. Санақ жүргізушілер немесе интервьюерлер планшетпен жүріп жаппай сауалнама жүргізеді.
Цифрлық технологияға нық қадам басқан Қазақстан биылғы санақты қағазсыз өткізеді. Бұл – ең басты ерекшелік. Яғни электронды форматта. Ол үшін арнайы планшеттер сатып алынбақшы. Тұрғындар науқан басталғаннан соң интернет арқылы өзінің ЖСН нөмірімен жеке деректерін санақ жүргізетін сайтқа тір­кейді. Содан соң онлайн түрде қойылған сұ­рақтарға жауап береді. Бұл жеке деректер планшеттерге енгізіліп, ақпарат онлайн түрде sanaq.gov.kz сайтына жіберіледі. Мұндай әдіс сыртта жүрген отандастарымыздың да санақ­қа қатысуына мүмкіндік береді, – дейді ма­мандар.
Еліміздің түкпір-түкпірінде ғаламтор же­лісіне қосылмаған ауылдар бар. Олар үшін бұрынғы тәсіл қолданылады. Яғни санақшылар үй-үйді аралап есеп жүргізеді. Ол жауаптар қағазға түсірілмей, санақшының планшетіне толтырылады.
Тұрғындар санаққа онлайн режім­де қатысады. Онлайн режімде арнайы сайтқа кіру арқылы санақ парағын толтыратын тұрғын­дарға ыңғайлы болуы үшін сайттың тәулік бойы жұмыс істейтіндігі ескертіледі. Отбасы­ның кез келген мүшесі өзіне ыңғайлы уақыт­та сауалнамаға жауап беріп, сұраққа жауап беруін уақытша тоқтатуға және жалғастыруға мүмкіндік берілген. Сауалнама толтыруда қиындық туындаса виртуалды көмекші санақ­тан өтуге жәрдем береді.
Санаққа қатысушы жалпы саны 65 сұраққа жауап беруі тиіс. Сауалда жеке басына қатысты сұрақтардан бастап, тұрғынның үйі туралы, нақты айтқанда баспананың салынған жылы, көлемі, бөлме саны, тіпті қабырғаларының қандай құрылыс материалынан салынғаны да сұралады екен.
Ресми мәліметке сәйкес, санақ жүргізуге 30 мыңға жуық адам тартылады. Олар 18 жас­тан асқан, жауапкершілігі бар, ынтасы мен адам­дармен сөйлесу ашықтығына қарай іріктеледі. Білім мен жұмыс өтілі ескеріл­мейді, бастысы планшетпен жұмыс істеу қабі­леті және міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы талап етіледі. Уақытша жұмысқа тарты­латын санақшылар арнайы оқытудан өтіп, оларға әр кезең бойынша бөлек ақы төленеді.
Халықтың әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын анықтайтын маңызы зор науқанда халық саны ғана емес, оның тұрмыстық жағдайы да анықталады деп күтілуде. Са­нақтың қорытындысымен демографтар мен экономистер, ғалымдар зерттеу жүргізіп, көп­теген сауалдың жауабын білетін болады. Ал бұл өз кезегінде барлық өңірдің өмір сүру деңгейін нақты көрсетіп, мемлекеттік органдардың дұ­рыс шешім қабылдауына көмектеседі, дейді қазақстандық сарапшылар.
Соңғы рет өткен 2009 жылдағы санақ бойынша халықтың саны 16 милллион 9 мың 597 адамды құраса, 2019 жылғы 1 желтоқсандағы статистикалық мәлімет халық саны 18 милллион 611 мың 95 адамға жеткенін айтады. Ал енді төрт айдан соң басталып, жыл соңына жақын қорытындылатын халық санағы бұл мәліметті өзгерте ме екен? Оны уақыт көрсетеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
01 ақпан 2020 ж. 716 0