Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС жарнасы қайда сақталады?

МӘМС жарнасы қайда сақталады?

Жаңа жылдан бастап ел медицинасының елеулі өзгеріске қадам басуы халық арасында қызу талқылану үстінде. Тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін әлі де болса дұрыс түсінбеуде. Бұл ретте барлық адамның көкейінде «МӘМС деген не?», «Мемлекет кімдерді сақтандырады?», «Медициналық көмектің екі пакетіне кімдер кіреді?», «Кәсіпкер мен жеке адам жарнаны қалай төлейді?», «Жұмыс беруші қарамағындағы қызметкер үшін жарнаны қалай аударады?» деген секілді сауалдар туындауда. Біз арнайы жүйенің жұмысын зерттеп, медициналық ұйымдар мен адамдардың өзара байланысын таразы өлшеміне салмақпыз.
Міндетті әлеуметтікмедициналық сақ­тан­дыру, яғни МӘМС денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қор­­ғау­­дың мемлекеттік жүйесі болып табы­лады. Бұл жүйе арқылы еліміздің барлық сақтандырылған азаматына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғы­лықты жеріне, табысына қарамастан тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Аталған жүйе тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі екенін айта кеткен жөн. МӘМС жүйесін көптеген дамыған елдер тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж адамдарға ресурстарды қайта бөлуге мүмкіндік береді деп қарастырады. Демек, жүйе арқылы медицина қызметкерлері мен халық арасында тығыз байланыс орнап, сапалы және нәтижелі қызмет түрлері артады.
Ал медициналық көмектің екі пакетінің біріне МӘМС жүйесі жатқызылады. Екіншісіне тегін медициналық көмектің кепілдік беріл­ген көлемі кіреді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңыңда көрсетілгендей мемлекет келесі азаматтар үшін жарна төлейді.  Ең алдымен балалар, барлық топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, оның ішінде  үш жасқа дейінгі  балаларды тәрбиелеп отырғандар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтіндер, тіркелгенге дейін бір жыл ішінде жұмыс істемейтін оралмандар, орта техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғарғы білім беру, жоғарғы білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар,  зейнет­ақы төлімдерін алушылар, оның ішінде ҰОС-ның мүгедектері мен қатысушылары, қылмыс­тық-атқару (пенитенциарлық) жүйе­сінің мекеме­лерінде (қауіпсіздігі ең төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқандар немесе тергеу изоляторларындағы адамдарды мемлекет өз тарапынан сақтан­дырады.
Ендігі кезекте МӘМС жүйесіне төлем жасау тетіктері бойынша аз-кем сөз қозғайтын болсақ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жарналарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының банктік шотына терми­налдар, екінші деңгейдегі банктер немесе «Қазпошта» бөлімшелері арқылы қолма-қол ақшамен де, банк карталарымен де төлеуге болады. Бұл ретте міндетті айды (кезеңді) көрсете отырып, төлем төлеушінің өзі де, ол үшін тұлғалар да төлей алады. Жарна төлеуде ескеретін жәйт, 2-3 жұмыс күні ішінде қаражаттың қайтарылуын тексеру қажет. Мүмкін жіберілген қателері үшін қаражат аудару кезінде ЖСН немесе аты-жөні  дұрыс болмаса, төлем 10 АЕК-тен асып кетсе ақша түспеуі мүмкін.
Сонымен бірге қызметкерлер үшін жұмыс берушінің аударымдары 2018-2019 жылдары 1,5 процент көлемінде жүзеге асса, 2020-2021 жылдары 2 процент, 2022 жылдан бас­тап тө­лем 3 процентті құрайды. Биылдан бас­тап қыз­­меткерлердің жарналары жалақының 1 про­центін, 2021 жылы 2 процент бойынша алынады. 
МӘМС-ке келіп түскен барлық қаражат сенімгерлік басқару шарты жасалған Ұлт­тық банкте сақталады. Оны кейіннен МӘМС шеңберінде көрсетілетін қызметтерді төлеу­ге жіберілетін болады. Ал кәсіпкерлер заң аясында қарамағындағы жалдамалы жұмысшыларға жар­на төлейді. Шаруа қожалықтарының бас­шысы 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ол өзі үшін 2 төменгі айлық жалақының 5 проценті мөлшерінде жарна төлесе, шаруа қожалығының мүшелері жеке кәсіпкер болмаған жағдайда 2018 жылдың 1 қаңтарынан  5 процентмөлшерін өздері үшін жарна төлейді.
Егер де  шаруа қожалығының жалдамалы жұмыскерлері болса, онда жұмыс беруші ретінде олар үшін шаруа қожалықтары 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап есептеу объек­тісінен – жұмыскер табысынан, бірақ 15 еселік мөлшердегі төменгі айлық жалақыдан жоғары асырмай, өз жұмыскерлері үшін жарна төлеп келеді. Бұл жерде маусымдық жұмыскерге жалақы нақты айға ғана төленетіндіктен  жарнасол ай үшін ғана аударылады. Тиісін­ше аталған санаттағы азаматтардың одан әрі жұмысы болмаған жағдайда басқа санаттағы тұлғаларға жатқызылып, өз бетінші  сақтандыру жарнасын төлеуге міндеттеледі. Бұл санаттағы азаматтарға соңғы жарна төлеген уақыттан бастап үш ай бойы медициналық көмек алу мүмкіндігі сақталады. Базарлардағы саудагерлер жеке кәсіпкер ре­тінде тіркелмеген болса, жарнаны халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігінің өкілі ретінде төлейді. Бұл топтағылардың ай сайынғы жарнасы төменгі айлық жалақының 5 процентін  құрамақ. Егер саудагерге жалданып жұмыс істейтін болса (базардағы саудагерлер) жарна жұмыс беруші төлейтін табыс деңгейінде есептелетінін айта кеткен жөн.
Тұрғындар үшін тиімділігі жоғары жүйе­нің артықшылығы – кез келген уақытта сақтан­дырылған азаматтар қымбат емханалар мен ауруханалар да ем-шараларын жүргізе алады. Сонымен қатар көпшілік диагностикалық тексерулер мен  медициналық озық тәжіри­белі технологиялардың көмігіне жүгінеді. Бұл ретте аурушаңдық белгілерді анықталып, нақты диагноз арқылы дәрігер басқа маманға немесе толықтай тексерілуге жібе­реді. Үлкен қалалардағы медициналық ұйым­дар­ға жергілікті дәрігерлердің жолдамасы арқылы көріне ала­ды. Осыған дейінгі кей­бір нұсқаулықта көрсетілген дәрі-дәрмек, меди­циналық ем-шара сақтандырылған тұлға үшін сенімді қызмет түрі болып саналады. Ақылы түрде тапсырылатын зертханалық қан талдау нәтижелерін жолдама арқылы тапсыру мүмкіндігі туындайды.
Жоғарыдағы көрсетілген қызметтерді пайдалану үшін ең алдымен әр адам жүйедегі өз мәртебесін тексеру қажет. Ол үшін www.egov.kz сайтында ЖСН нөмірі бойынша немесе жергілікті ХҚКО-ға, медициналық ұйымға барып, ақпараттық жүйедегі мәртебені тексеру маңызды. Медициналық көмектің екі пакетіне кірмеген жағдайда әркім өзін сақтандыруы қажет.  Сонда ғанақажетті медициналық кө­мек­ке қол жеткізіп, денсаулықты жақсартуға жол ашылады. Күрделі медициналық оталар жасатуға мүмкіндік туып, қауіп-қатердің алдын алуға болады.
МӘМС жүйесіне жарна төлеу ережесі алдағы жылдары өзгеріп отырады. Талапқа сай  әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса, аурушаңдық деңгейі азаяды. Сала мамандарымен байланыс артып, әрқашан ақ халаттылар тұрғындардың денсаулығына немқұрайлық танытпайды. Жеке тұлға ретіндеміндетті әлеуметтік  медициналық сақтандырылып, сапалы қызметке қол жеткіз­генде таразы басы теңеседі.


Б.ОРДАБЕКОВ
08 ақпан 2020 ж. 358 0