Аудиоантология аудан құндылығын айшықтайды
Жақында ауданның өнер, мәдениет, әдебиет, руханият саласы үшін қуанышты хабарды естідік. Ол ауданнан шыққан әдеби тұлғалардың, өнер қайраткерлерінің, оның ішінде айтыс және жазба ақындарының, әншілердің, сазгерлердің шығармалары жинақталып, аудиоантология құрастырылатыны жөніндегі жаңалық еді. Бұл бұрын-соңды аудан тарихында жүзеге аспаған бірегей жоба.
Бүгінде аудиоантологияға енетін шығармаларды елеп-екшеп, таразылау үшін аудандық мәдениет үйінің жанынан көркемдік кеңес құрылып, жұмыс жасауда. Негізінен жобаны үйлестіру жеке мұрағаттардан шығармаларды жинақтау арқылы жүзеге асады. Антология жұмысымен ақын, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрмат Мансұр айналысуда. Аталған жоба туралы бүгінде «Шалқар» радиосында қызмет атқаратын жерлес ақынмен пікірлестік.
– Жоба жыл аяғына дейін жүзеге асады. Антология бірнеше бағыттан тұрады. Мысалы жазба ақындардың аудиоантологиясына Асқар Тоқмағамбетов, Әбірәш Жәмішев, Оразбек Бесбаев, Балашбек Шағыров, Сейітмұрат Ембергенов, Мұхтар Сақтапов, Әскербек Рахымбекұлы, Жадыра Дәрібаева, Ибрагим Исаев, Қайырбек Асанов, Елубай Әуезов, Бағдат Есназар, Нұрмұхамед Әбілқасымов, Толқын Қабылша және басқа да ақындардың шығармалары енгізіледі. Ол үшін әрбір ақын оқырманға өтімді ой, мағына, ұйқас, образ секілді өлеңге қойылатын талаптарға сәйкес келетін шығармасын ұсыну керек. Сол секілді әншілердің, сазгерлердің, айтыс ақындарының да шығармалары жеке мұрағаттардан жинақталады. Барлығы ашық және жария түрде ұйымдастырылуда, – дейді ақын Нұрмат Абдоллаұлы.
Диск түрінде жарыққа шығатын жинақты қарапайым тілмен «тарихи кітап» деп айтсақ да болады. Антология ауданның әдебиет, өнер, мәдениет саласы үшін құнды қазына болмақ. Жобаның жүзеге асырылу барысы, көркемдік кеңес қорытындысы жөнінде алдағы уақытта да ақпараттандыратын боламыз.
Б.ОРДАБЕКОВ