Елдің өркендеуі ауылдан басталады
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес кеше Шаған ауылдық округінде есеп беру жиыны өтті.
Есеп беру жиынына облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ш.Қойшыбаев, облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Есеп беру жиынында Сырдария ауданының әкімі Р.Рүстемов 2019 жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
– Ауданда денсаулық сақтау саласында соңғы 5 жылда 6 медициналық нысан (Айдарлы, Бесарық, Іңкәрдария, Шіркейлі Қоғалыкөл және Ақжарма ауылдық округтерінің дәрігерлік амбулатория ғимараттары) жаңартылды. Сәкен Сейфуллин және Жетікөл ауылдарында жаңадан дәрігерлік аймақ ашылып, дәрігерлермен қамтылды. Медициналық көмектің қолжетімдігін арттыру мақсатында ауданға 9 дәрігер (гинеколог, хирург, терапевт, педиатр, жалпы тәжірібелі дәрігер) жұмысқа тартылып, медицина саласы 95 пайыз жоғары білікті дәрігерлермен қамтылды. Сондай-ақ, 2019 жылы 182 млн.теңге қаржыға 32 бірлік медициналық (аппарат ИВЛ, нәрестелер инкубаторы, цифрландырылған рентген, лабораториялық құрал-жабдықтар, 3 санитариялық автокөлік) құрал-жабдықтар алынды. Сонымен қатар, өткен жылы аудандық аурухананың апаттық жағдайдағы жылу, ауыз су және кәріз жүйелері ауыстырылды. Аудандық аурухана және емхана шатырларына, фасадына, бөлімшелеріне және «Жетікөл» медициналық бекеті мен «Шіркейлі» дәрігерлік амбулаториясына жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.
Есеп беру жиыны барысында ауылдық округінің әкімі Ұ.Абдраманова, учаскелік полиция инспекторы Қ.Адай есепті мерзімде атқарған жұмыстарының есебін берді.
Негізгі баяндамалар тыңдалғаннан кейін ауыл ардагері З.Тасбергенов сөз сөйлеп, ауыл халқының атынан атқарушы билік өкілдеріне ақ батасын берді.
Айта кету керек, қазіргі таңда Шаған ауылдық округіндегі 829 отбасында 4404 халық бар. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 1996 адамды құрайды. Ауылдық округте 21 тыл ардагері, 391 зейнеткер, 93 «Алтын алқа», 94 «Күміс алқа» иегерлері бар.
"ТТ"-ақпарат