Шіркейлі халқына атқарушы билік есеп берді
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес кеше Шіркейлі ауылдық округінде есеп беру жиыны өтті.
Есеп беру жиынына облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ш.Қойшыбаев, облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Есеп беру жиынында Сырдария ауданының әкімі Р.Рүстемұлы 2019 жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
- 2019 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 713 млн. теңге қаржы бөлініп, 11,6 шақырым аудандық маңыздағы және елді мекендердің ішкі көшелері жөнделіп, 1 жаңа көше салынды. Оның ішінде «Қызылорда – Әуежай- Қоғалыкөл – Шіркейлі» жергілікті маңызы бар автомобиль жолы (12,5 шақырымның 6,250 шақырымы) мен Бесарық ауылына кіреберіс автожолын (5,8 шақырымның 2,9 шақырымы) жөндеуді бастауға 601,7 млн.теңге және жергілікті бюджеттен Тереңөзек кентіндегі Нағи Ілиясов көшесінен Қасым Бөдеев көшесіне дейінгі жол құрылысына 65,2 млн. теңге қаржы игеріліп, жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ, 38,1 млн.теңге қаржыға Асқар Тоқмағанбетов елді мекеніндегі 3 көшенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын ағымдағы жөндеуге және күтіп ұстауға 8 млн.теңге игеріліп, жұмыстар толық атқарылғанын атап өтті.
Есепті кезеңде жүзеге асырылған жұмыстар туралы кеңінен айтып өткен аудан басшысы 2020 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен «Самара-Шымкент-Жаңадария» (0-5км), «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» (33-39км, 41-47 км) және А.Тоқмағанбетов ауылына кіре беріс жолын орташа жөндеуге 386,7 млн. теңге, сонымен қатар, облыстық бюджеттен «Қызылорда – Әуежай- Қоғалыкөл – Шіркейлі» жергілікті маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеуге 386,2 млн. теңге және Бесарық ауылына кіреберіс автожолын орташа жөндеуге 215,5 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ, Тереңөзек кентіндегі Б.Момышұлы көшесін орташа жөндеуге 40,7 млн. теңге және кенттің бірқатар көшелеріне (Жамбыл тұйығы №1 және №2, Тоғанас Батыр, Құндызбаев, Жастар, Қонаев және Қазақ) қиыршық тас төсеуге 16 млн. теңге аудандық бюджеттен қаржы бөлінгенін жеткізді.
Есеп беру жиыны барысында ауылдық округ әкімі Т.Құламқадіров, учаскелік полиция инспекторы Н.Сергешбаев есепті мерзімде атқарған жұмыстарының есебін берді.
Жиын соңында еңбек ардагері Б.Синаева, ауылдық Қоғамдық кеңес төрағасы Қ,Әбілқасымов сөз сөйлеп, атқарушы билік өкілдерінің жұмысын жоғары бағалады. Ауыл ақсақалы Б.Мақашев ақ батасын берді.
Айта кету керек, Шіркейлі ауылдық округі бойынша 512 отбасында 2743 тұрғын тұрады. Оның ішінде 275 зейнеткер, 72 «Алтын алқа» иегері, 63 «Күміс алқа» иегері, 10 «Батыр ана» бар. Тұрғындардың 1234-і экономикалық тұрғыдан белсенді.
"ТТ"-ақпарат