Есеп беру жиыны Бесарықта жалғасты
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес Бесарық ауылдық округінде есеп беру жиыны өтті.
Есеп беру жиынына облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғ.Байменова, облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Есеп беру жиынында Сырдария ауданының әкімі Р.Рүстемов 2019 жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
- Соңғы жылдары жеке тұрғын үй секторында 337 жер учаскелері инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Бұл тұрғындарды өз баспанасын салуға ынталандыруда. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ауданда халықтың өз есебінен салынған тұрғын үй көлемі 3 %-ға өсіп отыр. Бүгінгі таңда «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын ауданды электрмен жабдықтауға (135 га) республикалық және облыстық бюджет есебінен 500,8 млн.теңге қаржы игеріліп, жұмыстар аяқталды. Осы шағын ауданға ауыз су жүйелерін жүргізуге 2020 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 524,8 млн. теңге қаржы бөлініп отыр, қиыршық тас автожолын салуға қажетті 1,2 млрд. теңге қаржыға тиісті министрлікке ұсыныс берілді. Ұсыныс қолдау тапса, 692 жер учаскесі пайдалануға беріліп, кент бойынша жер кезегінде тұрған 982 адамның 692-нің мәселесі шешілетінін айтты.
Сонымен қатар аудан басшысы алда тұрған мақсат-міндеттерге тоқталып, жоспарлы жұмыстарды бірлесе атқару қажеттігін атап өтті. Есеп беру жиыны барысында Бесарық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ғ.Қаюпов, ауылдық учаскелік полиция инспекторы Е.Бекмағамбетов есепті мерзімде атқарған жұмыстарының есебін берді.
Айта кету керек, Бесарық ауылында 2341 тұрғын тұрады. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 1047 адамды құрайды. Ауылда орта мектеп, балабақша, емхана, ауылдық мәдениет үйі, кітапхана және «Қазпошта» бөлімшесі халыққа қызмет көрсетеді. 12 тыл ардагері, 182 зейнеткер, 31 «Алтын алқа» және 41 «Күміс алқа» иегерлері бар.