АБАЙ – ҰЛТЫМЫЗДЫ АДАСТЫРМАЙТЫН ТЕМІРҚАЗЫҚ
Биыл ұлы ақын, ғұлама ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің айтулы мерейтойын өз дәрежесінде лайықты атап өтуге үлес қосу – әрбір саналы азаматтың парызы. Парыз дейтінім, Абай бабамыз артына халқымыз үшін аса маңызды өшпес мұра қалдырды. Түсінген жанға Абай мұраларының өміршеңдігі әлі күнге дейін өз құнын жойған жоқ, жоймайды да. Себебі, Абай – ұлтымызды адастырмайтын темірқазық.
Ұлы ақын өз шығармалары арқылы елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болып, қалың ұйқыдағы елге қозғау салып, бес асыл іс пен бес дұшпанды ажырата білу керектігін дәріптеді. Алға жылжудың негізі терең білім мен ғылымсыз бос әуре екенін нақты мысалдармен жеткізді. Ол халқымыздың ізденісті серік етіп, оқып-үйренгенін, тіл меңгергенін, кәсіп игергенін қалады. Әр өлеңінде елді бірлікке шақырып, жастарды жалқаулықтан, ұйқышылдықтан, рушылдықтан, бір-бірін күндеуден, көре алмаушылықтан ада болуға үндеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл ұлы ақынның мерейтойына байланысты ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Әрине, әлемге танылған Абайға құрмет көрсету бір жылдың ғана үлесінде қалатын іс емес. Өйткені Абай идеясы – өміршең һәм мәңгілік.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған мақаласында «Мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», – деп атап өтті. Яғни, ұлт рухын көтеретін ұлы іс – баршамызға ортақ. Абай күткен үдеден шығу, баба рухына тағзым етіп, жалпақ жұрттың алдында мерейтойын мағыналы етіп өткізу еліміз үшін үлкен абырой, ұрпаққа мақтаныш, елдігімізге сын.
Мемлекет басшысының мақаласында халқымыздың қиын-қыстау кезеңдерде өзге ұлттарды бауырына басқаны да айтылған. Қазақтың өзі асқа жарымай қиналса да, бір үзім нанды айналасындағылармен бөлісу – парыз деп санағаны да толық көрсетілген. Бұл біздің ата-бабаларымыздың әрдайым үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетіп, сүрінгенге – сүйеу, жығылғанға – демеу бола білгенін дәлелдейді. Сонымен қатар мақалада Президент алдағы уақытта мақтаншақ пен масылдық психологиясынан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді алға тартты. Мұның бәрі ұлт руханиятына серпін бермек.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы»
газетінің Бас редакторы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы»
газетінің Бас редакторы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.