Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ СҰРАҚТАРЫ ҚИЫН БОЛМАДЫ

ҰБТ СҰРАҚТАРЫ ҚИЫН БОЛМАДЫ

Кеше сырдариялық талапкерлер білім сынағын тапсырды. Облыс орталығындағы «Мұрагер» мектебінің базасында орналасқан тестілеу орталығында ҰБТ тапсырып, 11 жылдық білім нәтижесін көрсетті. Атап өту керек, соңғы жылдары Сырдария ауданы талапкерлері облыста алдыңғы қатардан көрініп келеді. Биыл да сол үдеден шықты десек қателеспейміз.
ҰБТ-да жас талапкерлер үздік нәтиже көрсетті. Солардың қатарында №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі Әсел Рүстемқызы Шакизадаева бар. Жас талапкер білім сынағынан 118 балл жинады. Ол бес пән бойынша жақсы көрсеткіш көрсетті. Сынып жетекшісі – Ақмарал Сабырқызы.
– Біз дайындық кезінде тест сынақтарын тапсырып жүрдік. Сол кезде сұрақтар қиын болған. Ал кешегі ҰБТ-да сұрақтар қиын болмады. Мұның барлығы ата-анам мен ұстаздардың қолдауының нәтижесі, – дейді Әсел.
«Үздік аттестат» иегері барлық сұраққа 3 сағаттан аса уақыт жауап беріп, уақытынан бұрын шыққан. Ол тереңөзектік Рүстем мен Эльвираның 5 перзентінің екіншісі. Алдағы уақытта осы көрсеткішпен жас түлек Алматыдағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетке оқуға тапсырмақ. Жоғары балл жинаған Әселге өз маманының білгірі болуына тілекшіміз!

«ТТ» ақпарат
24 маусым 2019 ж. 2 427 0