Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәурен Абаев: Аласапыран дүниедегі Қазақ­станның орны қандай? !

Дәурен Абаев: Аласапыран дүниедегі Қазақ­станның орны қандай? !


Біз жолайрықта тұрмыз. Жаһанның келбеті адам сенгісіз жылдамдықпен өзгеруде. Бұған дейін ең құнды қазынадай көрінген мұнай мен газ да, басқа шикізат атаулы да XXI ғасырдың ең бағалы байлығы – білім мен ғылымға орын беріп, былай ысырыла бастады.
Адамзат табалдырығынан аттаған осы мыңжылдықта болашақты кімдер айқындайды? Бұл сауалдың жауабы қазірдің өзінде белгілі сияқты. Ендігі жерде қоғамды алға жетелейтіндер шәкірттерін қалыптан тыс қадамдарға рухтандыра алатын ұстаздар, тұтынушының қалауын қапысыз танып, басқаның түсіне кірмеген дүниелерді ойлап табатын, тыңнан жол салатын бизнесмендер, ел көрмеген жаңалық ашып, әлемді өзгертуге дайын ғалымдар болмақ. 
Осынау аласапыран дүниедегі Қазақ­станның орны қандай? Бізді қандай болашақ күтіп тұр? Әрине, әлемдегі қай елді алсаңыз да, бәріне ортақ бір ар­ман­ның бар екені анық: қай-қайсысы да басқалардан озғысы, алдағы онжылдықтарда гүлденген елдердің ортасынан ойып орын алғысы келеді.
Алайда ендігі жерде оған жету үшін сол елдердің үкіметі ғана емес, әрбір азаматы, тіпті бұғанасы қатпаған баласына дейін күреске түсетін болады. Үшінші мыңжылдықта елдің тағдыры бүгінгі жас ұрпақтың қолында тұр.
Осыдан 25 жыл бұрын ЭВМ операторы дегеніміз, дәл бір ғарышкер мамандығынан кем түспейтін еді. Ал бүгінде компьютерді қолдана алмайтын адам некен-саяқ. Ұлы Дала елінде қазір аттың құлағында ойнайтындардан гөрі ақпараттық технологияларды бес саусағындай білетіндер әлдеқайда көп. Тұтас әлемдік білім базасына қосылу қазірдің өзінде жүріп жатыр. Бұл тек бас­тамасы ғана. Мыңжылдықтар тоғысындағы осындай алмағайып кезеңде өскелең буынға аса қажет болып тұрған дүние – өздеріне темірқазық етер бағыт-бағдар. Міне осындай айқын бағдарды Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетіп берді. Осы мақаланы саралай келе, тәуелсіз Қазақстанның жастарына биік заңғарларға нық сеніммен самғауға мүмкіндік беретін қос қанат іспетті екі мәселені айрықша өтап өтуге болады.
Мектеп аяқталғанымен оқу өмір бойы жалғасады
Біріншіден, әңгіме бәсекеге қабі­леттілік туралы болып отыр.
Оқу орны мен ересек өмірдің арасында бұрын айқын шекара болғаны мәлім. Ендігі жерде бұл шекара ғайып болады. Түлектер қолына куәлігін алғанымен, оқудың ешқашан аяқталмайтынын, оның енді ғана басталатынын сезінуі керек. Ендігі жерде ұдайы оқуға тура келеді. Бар айырмашылығы – білімді енді міндетті түрде дәрісханада ғана емес, үйде де, кеңседе де аламыз, кітаптан да, ноутбук пен смартфоннан да оқимыз. Оның үстіне қандай да бір жобаларды ойлап тауып, тауып қана қоймай, іске асыра жүріп, төңірегіңе мүдделестерді топтастыра білу, өзгелердің сүрінген тұсынан сабақ алып, өзіңнің осал тұстарыңды нығайту арқылы күннен күнге біліктілігіңді шыңдап, жаңа қырларыңды ашу қажет болады.
Бұдан былай өз бойындағы талантты ұштай білетіндер, оны мақсатқа жету жолында кәдеге жарата алатындар ғана жеңімпаз атанады.  Бастапқы капитал, бастапқы мүмкіндік деген нәрселер өзін-өзі дамытудың көлеңкесінде қалып, екінші орынға ысырыла бастайды.
Өз-өзіңді дамытуға қабілетті болу деген сөз – кәсібиліктің синонимі. Мысалы, Шамалған сияқты қарапайым ауылда, көпбалалы отбасында туып, білімге деген құштарлық пен ұдайы ізденудің арқасында қазақ жастарының арасында алғашқылардың бірі болып сол заманның ең ауыр әрі инновациялық кәсібі – металлург мамандығын меңгерген Мемлекет басшысының өмір жолын алайық. Үздіксіз оқу, ауыр еңбектің қазанында қайнау, тыңнан жол іздеу  –  осының барлығы ұштаса келе, Мемлекет басшысының бойында көшелі көшбасшы тұлғасын сомдады. Салиқалы саясаттың арқасында біз 90-жылдардағы ауыр дағдарыстан аман-есен өтіп, нарықтық қоғам құрдық. 8 мың шақырым автокөлік жолдары, 3 мың шақырым темір жол (күллі ТМД елдерін қоса алғаннан да көп) төселді, ал республикадағы тұрғын үй құрылысының көлемі кеңестік кезеңдегі рекордтардан да асып кетті. Есілдің бойына еңселі елорда салдық, миллионнан астам қазақ атамекеніне оралды, 10 мыңнан астам талантты да талапты жас мемлекеттің қамқорлығымен әлемнің ең үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік алды.
Үміт ұрпағы
Мемлекет басшысы көрсеткен екінші бағдар – біртектілікті сақтау.
Жаңғыру дегеніміз, бір жағынан – сыртқы әлемге барынша ашық болудан, екінші жағынан – бірегейлігіңді сақтаудан тұратын диалектикалық үдеріс екенін Президент айқын аңғартады.
Біз Ұлы Даланың бай мәдениетін дәуірден дәуірге жеткізушілерміз. Халқымыздың біртектілігі – бұл біздің табанымыздың астындағы жерді нық басып, алдымызға биік мақсат қоюға, мына әлемдегі орнымыздың қандай екенін және қайда бет алатынымызды жете пайымдауға мүмкіндік береді.
«Азия жолбарыстарының» тәжірибесі жаһанданып жатқан ғаламдағы серпінді даму дегеніміздің рухани және мәдени саланы батыстандыру еместігін көрсетті.
Керісінше, бірегей дәстүрлер, құн­ды­лықтар, туған тіл – заманның ең күр­делі сын-қатерлері алдында ұлттың жұды­рық­тай жұмылған, біртұтас қалыпта қа­луына мүмкіндік беретін артықшылықтар болмақ.
Жаһандық өзгерістердің екпіні қаншалықты күшті болса да, Тәуелсіздіктің әр жылында біз әлемдік кординаттар жүйесінде өз орнымызды нығайта түстік. Қазіргідей құбылмалы заманда Қазақстан жаңа жағдайларды  жіті бағамдай отырып, мақсат-мұратын нақтылауы, соған жетудің тың жолдарын іздеуі қажет.
Кез келген қиындық, егер оның алдында қол қусырмай, жаңа бір сынақтан өтуге батыл қадам басатын болсаң, зор мүмкіндіктердің терезесі бола алады. Назарбаев көшбасшылығының фе­но­мені, оның кемел қуаты осында жатыр.
Дәурен АБАЕВ,
Ақпарат және коммуникациялар министрі

29 қараша 2017 ж. 1 164 1

Reise от 21 сәуір 2021 11:01
Авиадоставку из Китая обычно заказывают при необходимости перевезти товары, быстро теряющие стоимость или грузы специального назначения и скоропортящиеся продукты питания.