Жол мәдениеті – қауіпсіздік негізі
Қауіпсіздік– өмір кепілі. Бір сәттік салғырттық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан жол-көлік оқиғаларының алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау және әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыру мақсатында 17-25 мамыр аралығында аудан көлемінде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.Іс-шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Осы ретте полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтік шараларды іске асырды. Әсіресе, жылдамдықты шамадан тыс асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, мас күйінде көлік басқару, қарсы бағытқа шығу және жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден өтуі сынды заңбұзушылықтарға бақылау күшейтілді.
Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының болуын болдырмау, адам өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында тұрғындарға жолда барынша мұқият болу, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, жолдағы қауіпсіздік – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Сондықтан жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де тәртіпке бағынып, сақтық шараларын естен шығармауы тиіс.
«Қауіпсіз жол» акциясы аясындағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындарды жауапкершілікке және жол мәдениетін сақтауға шақырды.
– Бұл іс-шараның мақсаты – тек жол жүрісі қағидаларын сақтау емес, әрбір жол жүрісіне қатысушы үшін қауіпсіз орта қалыптастыру. Аталған «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шара аясында Сырдария ауданы полиция бөлімінің патрульдік полиция мен әкімшілік полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда. Жол үстіндегі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қатысты тексерулер жүргізіліп, ҚР Жол жүрісі қағидаларын сақтау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар іс-шара барысында көлік құралын басқарған екі азамат мас күйінде ұсталып аудандық сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды. Осы ретте жылдамдықты асырған әр көлік, назарсыз қалған әр сәт біреудің өмірін қиып кетуі мүмкін. Әсіресе ересектердің немқұрайлылығынан балалардың жол апатында зардап шегуі – орны толмас қайғы. Алдымызда мейрам күндері және жазғы демалыс. Бұл балалардың сыртта көп жүретін уақыты. Сол себепті барша тұрғын бүлдіршіндер мен оқушыларды жолда қараусыз қалдырмауға шақырамыз. Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек полиция қызметі емес, жалпыға ортақ міндет,– деді аудандық полиция подполковнигі Сейлхан Кеукенов.
Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА











