Аудандық газет қызметкерлері марапат биігінен көрінді
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бірқатар қызметкері марапат биігінен көрінді. Бұл аудан халқын жаңалықтармен сусындатып отырған 80 жылдық тарихы бар аудандық газет ұжымы үшін зор қуаныш болды.
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай аудан әкімі Руслан Рүстемовтің қатысуымен өткен салтанатты жиында аудандық газеттің жауапты хатшысы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Шаһарбек Нұрсейітов «Алтын қалам» аталымы бойынша марапатталды.
Сонымен бірге аудан әкімінің жыл сайынғы «Өрлеу» жастар сыйлығын аудандық газеттің тілшісі Балтабай Ордабеков иеленді.
Мерейлі мереке қарсаңында аудандық газет таралымын арттыру бағытында қажырлы еңбек етіп келе жатқан аудандық газеттің баспасөз маманы Роза Тұрғанбековаға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушевтің Алғыс хаты берілді.
Шаған ауылындағы 500-ге жуық тұрғынға аптасына екі рет аудандық басылымды тарататын Аяжан Құлпейіс те аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Лекеровтің Алғыс хатын иемденді.
Сондай-ақ Nur Otan партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақыптың Алғыс хаты аудандық газеттің Тереңөзек кенті бойынша тасымалдаушысы Жанар Ізбасқановаға табысталды.
Осылайша, ел егемендігінің мерейлі мерейтойын ұжым қызметкерлері зор қуанышпен қарсы алды.
Абырой биігінен көрінген әріптестерімізді алған марапаттарымен құттықтап, еңбекте жеміс және шығармашылық сәттілік тілейміз.