Жауапкершілік жүгі арта түседі
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойғаны белгілі. Заңға сәйкес енді қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық іс-әрекеті үшін басшылар қызметтен кетеді.
Аудан әкімі Р.Рүстемовтің төрағалығымен өткен жиында аталған заңның талаптары қатаң сақталуы керектігі айтылып, аудан көлеміндегі бірінші басшыларға ескерту жасалды. Мемлекеттік қызмет беделіне, халықтың сеніміне селкеу түсірмеу қажеттігін айтқан аудан басшысы жауапкершілік бірінші басшылардан сұралатынын жеткізді.
Ел Президентінің пәрменімен қолданысқа енгізілген заң жөнінде аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Д.Әлшеров хабарлама жасады. Хабарламашының айтуынша, бұдан былай мемлекеттік саяси қызметшілер, яғни министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері мен әкімдерінің орынбасарлары, аудандардың әкімдері тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға кетуге міндетті. «Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті», – деген бөлім басшысы нақты кімдердің жауапкершілікке тартылатынын түсіндіріп өтті.
Бірінші кезекте орталық мемлекеттік органның басшысы (министр) – оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімшелердің басшылары сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде қызметінен кетеді. Екіншіден, облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімі – оның орынбасарлары, аппарат басшысы, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі үшін жауап береді. Сонымен бірге орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары (вице-министр) қарамағындағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысы қылмысқа барса қызметін тоқтатады. Облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшылары үшін жауап берсе, аудан әкімі өзінің орынбасарлары, аппарат басшысы, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшылары, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда орнынан кетеді. Айта кету керек, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметші лауазымға тағайындаған тұлғаға орнынан кету туралы өтініш береді. Отставканы қабылдау немесе қабылдамау – бұл саяси қызметкерді қызметке тағайындаған адамның құзыреті.
Аудан әкімі басшылардың дербес жауапкершілігі туралы тапсырма міндетті түрде іске асатынын жеткізді. Сондықтан әрбір басшы, мекеме қызметкері сенім артылып жүктелген міндетті абыроймен адал атқару керектігін ескертті.
Жиын барысында мұнан бөлек, бұған дейін берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы, кент және ауылдық округ әкімдерінің өздеріне жүктелген жұмыстарды атқаруы талқыланды. Индикаторлық көрсеткіштердің қорытындысы нақтыланып, жыл аяғына дейін орындалуы керек жұмыстар жөнінде нақты тапсырма берілді. Тапсырмалардың орындалуы жеке бақылауында болатынын жеткізген аудан басшысы өз міндетіне салғырт қараған дербес бөлім басшылары мен кент, ауыл әкімдеріне кадрлық шешімдер қабылданатынын айтты.
Балтабай ҚАРАМАНТЕГІ