ІІІ облыстық форум өткізілді
Бүгін аймақ басшысы Қ. Ысқақовтың қатысуымен қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың III облыстық форумы өтті. Шара аясында «Қайырымдылық балалар көзімен» суреттер көрмесі мен «Қайырымдылықтың озық тәжірибелері» ақпараттық стенді ұсынылды.
Аймақта жыл басынан бері жомарт жандардың қолдауымен 686 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылған, нәтижесінде 40 520 мұқтаж жанға 514,7 млн. теңгенің көмегі көрсетілген. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қайырымдылық жасаушы меценаттарды насихаттау, қолдау жүйесі жұмыс істеуде. «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы шеңберінде «20 игі іс» акциясы, «Тайқазан» эстафетасы, «Қайырымды ел» жобалары сәтті өткізіліп, «Қамқор» акциясы аясында Ұлы Отан соғысы және еңбек, тыл ардагерлеріне көмек беру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық науқаны халықтық қолдауға ие болуда.
Қайырымдылықты жанына жалау етіп, аймақтың өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар туралы «Қайырымдылықтың алтын кітабын» әзірлеуіміз қажет. Себебі, өскелең жас ұрпаққа аға буын азаматтардың ел үшін жасаған еңбектерін, толымды жетістіктерін үлгі ету баршамызға ортақ міндет",- деді облыс әкімі Қ. Ысқақов.
Апат айтып келмейді. Түркістан облысы, Арыс қаласының әскери бөлімінде орын алған төтенше жағдай бейқам отырған жұртты баспанасыз қалдырды.
Қабырғасы қайысқан қазақстандықтар жедел көмек көрсету мақсатында апат орын алған Арыс маңынан табылды. Қысылтаяң сәтте бір үдеден табылатын адами қасиеттің, ең бастысы елдіктің, береке мен бірліктің белгісін танытты. Арыстықтардың иығына түскен ауыртпалық барша елдің басын біріктіре, топтастыра түсті. Арыстықтарға риясыз пейілмен көмек білдірген шынайы қолдаушылардың қатарында Қызылорда облысының халқы да болды. Оқиға туралы хабар тараған сәттен бастап арнайы штаб құрылып, зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету жұмыстарын қолға алды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенділері де 1 млн теңгеге жуық қаржылай және материалдық көмек көрсетті" деп атап өтті аймақ басшысы.
Форуым аясында қайырымдылық көрсетіп жүрген бірқатар азаматтар "Жылдың қайырымды адамы", "Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін", "Жыл меценаты", "Аймақтың өркендеуіне қосқан үлесі үшін", "Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін", "Жылдың қайырымды компаниясы", "Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін", "Отбасыларды қолдауға қосқан үлесі үшін", "Жыл еріктісі", "Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін" номинациялары бойынша марапатталып, облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.