Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандар жазаланды

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандар жазаланды

Қызылордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған жергілікті 3 тұрғын жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметі мамандары аталмыш заңсыз ойын бизнесінің жолын кесті. Олар ұзақ уақыт бойы бақылау жүргізді. Нәтижесінде жедел-іздестіру шарасы ұйымдастырылды. Қылмыстық топ 2017-2018 жылдарда өз әрекетін жүзеге асырған. Қаланың бірнеше жерінде ойын нүктесі анықталған.
Барлық ойын нүктелерінен 16 компьютер, 14 теледидар, бірнеше термопринтер мен электронды қаламдар тәркіленді. Ал кассалардан қомақты ақша табылды.
Ойын бизнесінен оңай жолмен пайда іздегендер алдымен бұл тіршілігін Алматы қаласында бастаса, оны беріде Қызылордаға ауыстырған.
«Аталмыш қылмыстық іс Қызылорда қалалық №2 сотында қаралды. Ол толығымен дәлелденді. Айыртаушы прокурордың олардың әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабының 2-бөлігі 2-тармағымен сәйкес келетіндігін саралады», - деді облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінің маманы Бақыт Орданова.
Сот үкімімен екі азаматқа 567 250 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұрын сотты болған біреуі 4 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болды. Бұдан бұрын Қызылордада баспаханада жалған ақша жасаған тұрғынның сотталғанын хабарлаған едік.
10 наурыз 2019 ж. 705 0