Сырдария жастарының өнерін тамашалады
«Жастар жылына» орай облыс орталығында Сырдария ауданы жастарының күні өтті. Облыстық Жастар орталығында өткен шараға Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ.Жанұзақов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мырзахметова қатысты.
Бұл күні аудан жастары облыс жұртшылығына өздерін барлық қырынан танытты. Алдымен «Жастар тынысы» көрмесін назарға ұсынды. Онда кент және ауылдық округтердегі қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған. Сонымен қатар көпшілік жас кәсіпкерлердің жобаларын, ғылыми жобаларды (робототехника) тамашалады.
Шараның негізгі бөлімінде жастар ұлы дариямен аттас ауданнан шыққан танымал тұлғалармен кездесті. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда және Сырдария ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Рамазан Тайманов және «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», қоғам қайраткері Алмагүл Божановамен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты.Өмірі өнегеге толы жандар бүгінде алып күш саналатын жастарға мол мүмкіндік бар екенін, соны дұрыс жүзеге асырып, елдің дамуына үлес қосу қажеттігін атады. Қос тұлға жастар сұрақтарына жауап беріп, өздерінің ақыл-кеңесін айтты. Кездесуде құрметті меймандарға «Сырдария жастары Сізбен мақтанады» деген жазуы бар естелік сыйлық табыс етілді.
Бұл күні «Шыңғыс» тренинг орталығының директоры Шыңғыс Үмбетаев «Қаржыны тиімді басқару және көбейту жолдары» тақырыбында семинар-тренингін өткізді. Орталық директоры қазіргі нарық кезеңінде қаржыны игерудің қыр-сырына кеңінен тоқталды. Қаржылық идеялар, оны көбейтудің әдістері мен қаржылық жоспар жасау жөнінде жастарға тегін кеңес берді.
Облыстағы аудан жастары күнінде ерекше форматта «Мәміле» ток-шоуы ұйымдастырылды. Оны жүргізген Шіркейлі ауылы әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскері Рахматулла Мұстафаев «Бүгінгі жастарға кім үлгі? Жастар кімге қарап бой түзеуі керек?» деген тақырыпты қозғады. Бағдарламаға қатысқан ардагер-ұстаз Алтын Нұртаева, «Шыңғыс» тренинг орталығының директоры Шыңғыс Үмбетаев, «Ел тілегі» газетінің тілшісі Айсәуле Нұрланова, аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Айшат Сейітсұлтанова пікірлерімен бөлісті. Ардагер-ұстаз алдыңғы толқын жастар мектептердің ұстаздарына, одан қала берді оқыған кітаптарындағы кейіпкерлерге еліктейтінін айтты. Ал қазіргілер танымалдыққа құмар екенін тілге тиек етті. Бағдарлама барысында бүгінде танымалдылықты арттыру үшін әлеуметтік желінің рөлі зор екені, содан соң олардың әп-сәтте «жұлдызға» айналып шыға келетіні сөз болды. Осы тұрғыда, жастарға өмірі өнегеге толы, ел үшін тындырымды тірлік еткен тұлғаларды үлгі тұту қажеттігі айтылды.
Айтулы шара «Сырдария жастары – жасампаздық жаршысы» концерттік бағдарламасына ұласты. Мұнда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ.Жанұзақов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мырзахметова құттықтау сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы орны ерекше екенін атады. «Жастар жылы» аясында облыста айтулы жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізіп, «Жастар бригадаларының» белсенділерін марапаттады. Бір күндік шарада ауданның жас өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұрала биледі.
Е.БЕРКІНБАЕВ