Жүктелген міндеттің жүгі ауыр
Аудан әкімдігінде өткен қоғамдық кеңестің отырысында аудан әкімдігінің мемлекеттік қызметтерді көрсету бағытында ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары тыңдалды. Отырысқа аудан әкімі Р.Рүстемов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Н.Талқанбаев, департамент қызметкерлері, қоғамдық кеңес мүшелері және аудан активі қатысты.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет көрсету қоғамда үлкен рөл атқарады. Оның ішінде ақпараттық қоғам дамыған сайын барлық қызмет электронды нұсқаға көшірілуде. Осыған қатысты аудан әкімі аппаратының басшысы Б.Қарсақбаев бүгінгі күнге ауданның жергілікті атқарушы органдары арқылы 100 мемлекеттік қызмет көрсетілетінін атады. Жалпы осы жылдың 9 айында қызмет алушыларға 31407 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Биылғы жылы «Жеке қосалқы шаруашылықтың бар болуы туралы анықтама беру» мемлекеттік қызметі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімінен алынып тасталғандықтан өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Мемлекеттік корпорация мен Электронды қызметтер көрсеткіші төмен болып отыр. Десе де мемлекеттік орган арқылы көрсетілетін, барынша талап етілген баламалы қызметтердің санын көбейтіп отырған мемлекеттік қызмет түрлері бар. Өз хабарламасында аппарат басшысы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мерзім бұзушылық факторларын болдырмау мақсатында аудан әкімдігімен күнделікті ХҚКО ықпалдастырылған ақпарат жүйесі арқылы мониторинг жүргізіліп отырғанын жеткізді.
Келесі кезекте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Р.Еспенбетов аудан бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына және қолжетімділігіне жүргізілген мониторинг жұмыстарының қорытындысын мәлімдеді. Ол бойынша кейбір мемлекеттік мекемелерде ақпараттық тақта өзектендірілмей, мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз қызмет алуға арналған арнайы қоңыраулардың істемей қалғандығын атап айтты. Осыған қатысты жауапты қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігі қаралған.
Отырыста қоғамдық кеңес мүшесі Ұ.Жанәлиева сөз сөйлеп, мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапалы іске асырылуына қоғамдық кеңес мүшелері атсалысатынын жеткізді. Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Н.Талқанбаев 2020 жылы электронды қызмет көрсетуді 90 процентке жеткізу қажеттігін атады. Бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшінің сауаттылығын арттыруды айтты. Өйткені қазіргі таңда ауданда мемлекеттік қызметті электронды түрде жүргізу әлі де тиісті дәрежеде жүзеге асырылмай отыр. Сондықтан алдымен мемлекеттік қызметшілер аталған қызметтің тиімділігін пайдалана білуі тиіс. Осыған орай департамент басшысы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы Сырдария аудандық бөлімшесі қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеуді атап өтті.
Кеңес отырысында аудан әкімі Р.Рүстемов бүгінгідей айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын ақпараттық қоғамға мемлекеттік қызметші тез бейімделу керектігін атады. Оған бейім болса, жұмыстың тиімділігі артып, уақыт үнемделеді. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылатынын айтып, қоғамдық кеңес отырысына қатысқан департамент басшысына алғыс білдірді.
Жиынды аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров қорытындылап, күн тәртібіндегі мәселенің шешімі шығарылды.
Е.БЕРКІНБАЕВ