Рухани жаңғыру - ел дамуының басты қағидасы
Кеше ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Ақжарма ауылдық модельді кітапхананың оқу залында «Рухани жаңғыру - ел дамуының басты қағидасы» атты тақырыптық кеш өткізілді.
Шараның негізгі мақсаты: Отанды сүюге, өз елін, тарихын білуге, жалпыадамзаттық құндылықтар мен терең көзқарастарды сіңіру арқылы таным белсенділіктерін арттыру болып табылады.
Шарада Сырдария аудандық балалар бөлімінің меңгерушісі Жанар Оразымбетова «Туған жер» жобасының төрт бағдарламадан тұратынын айтып, аталған тақырыпқа байланысты шаралар өткенін айтты. Одан әрі Ақжарма ауылдық округінің Жастар жөніндегі әдіскері Ақілгек Жанұзаққызы сөз салып, «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап өтті.
Сонымен қатар №130 Абай орта мектебінің оқушылары Инабат Аманжолқызы «Қазақстан - атамекен, құт қонған жер», Аиана Құрмантай «Рухани жаңғыру», Хафиз Серікбаев «Туған жер», Дамир Рысбекұлы «Қазақстаным!» өлең жолдарын оқыды. Өз кезегінде ауылдық клуб меңгерушісі Айтмағанбет Темірханов «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп өз пікірін айтты.
Шара соңында кітапханашы «Рухани жаңғыру - басты бағдарымыз» атты кітап көрмесімен таныстырып, библиографиялық шолу жасады.
"ТТ"-ақпарат