Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі көмір базаларын аралады

Аудан әкімі көмір базаларын аралады

Аудан әкімі Руслан Рүстемов фейсбук парақшасында жариялаған жазбасында аудан орталығындағы көмір базаларын аралап көргендігі жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Бүгін аудан орталығындағы көмір базаларын және «Теплоснаженец» саяжайы аумағын аралап көрдім.
Ең алдымен, Тереңөзек кентіндегі «Углесбыт» серіктестігінің көмір базасында болдым. Мұнда 600 тонна «Екібастұз», 207 тонна «Қаражыра» көмірі бар екен. Көмір сатып алушылар арасында кептеліс, көмірге таласу мәселелері жоқ. Тұрғындар қажетті көмірді емін-еркін сатып алуда. Серіктестік директоры Расул Есенов алдағы он күн мерзімде темір жол арқылы 10 вагон «Шұбаркүл» көмірін жеткізуге тапсырыс берген құжаттарын көрсетті. Кәсіпкер азамат қысқы маусымға байланысты тұрмысы төмен, аз қамтамасыз етілген бірнеше отбасыға көмір түсіріп беріп, қайырымдылық көмек көрсетіп жатқанын айтты.
«Нұрдәулет» жеке кәсіпкерлігінің базасында 300 тонна «Екібастұз» және 350 тонна «Қаражыра» көмірі еркін сатылуда. Бұл қоймада да көмір сатып алушылар арасында кептеліс жоқ. Жалпы, бүгінгі күнге дейін ауданға 18 658 тоннадан астам көмір жеткізілген. Бұл қажетті көмірдің 80 пайызын құрайды.
Аудандағы әлеуметтік нысандардың басым бөлігін көмірмен қамтамасыз етіп отырған «Нұргүл» жеке кәсіпкерлігінің егесімен де сөйлестім. Жеке кәсіпкер алдағы аптада 5 вагон көмір келетінін айтты. Яғни, қоймаға 350 тонна көмір түсірілмек. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік сатып алу конкурсында көрсетілген мерзімде барлық әлеуметтік нысандарға қажетті көмірді жеткізген.
Көмір қоймаларын аралау барысында бірнеше тұрғынмен пікірлестім. Шағым айтып, көмір жетіспеушілік мәселесін көтергендер болған жоқ. Айта кету керек, «Екібастұз» көмірі 12 000 теңгеден, «Қаражыра» көмірі 15 500 – 16 000 теңгеден сатылуда, – деп жазады аудан әкімі фейсбук парақшасында.

«ТТ» - ақпарат

03 қараша 2019 ж. 768 0